Отандық зымыран шығару мәселесі туралы сөз қозғауға әлі ерте - Т.Мұсабаев

АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Отандық зымыран шығару мәселесі туралы сөз қозғауға әлі ерте. Бұл туралы бүгінгі онлайн-конференция барысында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.

Отандық зымыран шығару мәселесі туралы сөз қозғауға әлі ерте - Т.Мұсабаев

Қазір уақытта әлемде өзінің зымыранын шығаратын елдің саны не бәрі 10-ға жететіндігін атап өткен агенттік төрағасы: «Ол елдер зымыран жасайтын кәсіпорындарын кем дегенде 50 жыл ішінде салған. Біздің Ұлттық ғарыш агенттігіміздің өзі енді ғана 5 жылға аяқ басып отырғанда, отандық зымыран шығару мәселесі туралы сөз қозғауға әлі ертерек», - деді онлайн-конференцияда қойылған сауалға орай.

Сонымен қатар Т.Мұсабаев отандық зымыран тұрмақ, алғашқы жасанды жер серігіміздің  өзі дұрыс жасалмағандығын баса айтты. «ҚазСат-1» сәтсіздікке ұшырағаны белгілі. Себебі оны жасау кезінде тәжірибе мен мамандар аз болды. Ал «ҚазСат-2» қазір өз жемісін беріп тұр. Еліміздегі байланыс операторларының біразы екінші серігіміз арқылы жұмыс істеп жатыр. Жалпы, ғарыш - зерттеуді көп қажет ететін сала. Сондықтан мұнда барлығы да тәжірибе және ғылыми зерттеу арқылы келеді», - деді ол.