Отанға қызмет ету үлкен мәртебе - Тәуелсіздік құрдасы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл еліміздің егемендік алғанына 30 жыл. Дүние есігін 1991 жылы ашқан тәуелсіздік құрдастары орда бұзар жасқа келді. Яғни олар бүгінде тұлға ретінде қалыптасқан, жауапты қызметтердің тұтқасын ұстауға жарайтын толыққанды маманға айналды. Мәселен, Алматының полиция департаментінде тәуелсіздіктің 400-ден астам құрдасы еңбек етіп жүр. Солардың бірқатары ҚазАқпарат тілшісіне өздерінің мамандықтары мен өмірлік ұстанымдары туралы айтып берді.

Отанға қызмет ету үлкен мәртебе - Тәуелсіздік құрдасы

Санжар Танқақов – Алматы қалалық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі. Ол 1991 жылы 23 сәуір күні Алматы облысы, Алакөл ауданында дүниеге келген.

«Мен Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы академиясының түлегімін. 2013 жылы оқу орнын бітіргеннен кейін Алматы қаласы Алатау аудандық полиция басқармасының тергеушісі болып тағайындалдым. 2017 жылы Алматы қаласы ІІД Тергеу басқармасының тергеушісі қызметіне ауыстым. Мен бұл мамандықты өз еркіммен таңдадым, полиция қызметкері, яғни тергеуші болғым келді. Үйленгенмін, бір жарым жасар қызым бар», - дейді полиция майоры.

Полиция қызметкерінің айтуынша, Елбасы – ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Қазақстан экономикасы дамып, демократиялық негізі бар мемлекетке айналды.

«Еліміздің басты жетістігінің бірі әрі бірегейі – Ел астанасы Нұр-Сұлтанның бой көтеруі. Аз уақыттың ішінде Қазақстанның көрнекті белгісіне айналған заманауи қала пайда болды. Тәуелсіздік кезеңінде республика беделді де, ықпалды халықаралық ұйымдарға мүше болды. 2012 жылы біз Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық есебінде әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кірдік. 2017 жылы 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысқан ЭКСПО көрмесін ТМД елдері арасында бірінші болып өткіздік.

Барлық жетістіктерімізді саралай келе, біз алға ұмтылып, заман ағымына ілесіп, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіре аламыз деп сеніммен айта аламыз. Мен үшін Отанға, халыққа қызмет ету, мемлекетке өз үлесімді қосу – ең маңызды жетістік», - деді Санжар Таңқақов.

Назерке Айтжанова – Алматы қаласы ПД Бостандық аудандық полиция басқармасының жедел-криминалистикалық бөлімінің криминалисі. Назерке 1991 жылы 3 сәуірде Батыс Қазақстан облысы, Жалпақтал ауылында дүниеге келген.

«Отбасында үш қызбыз, мен үйдің үлкенімін. 2013 жылы Батыс Қазақстан облыстық ПД жедел-криминалистикалық бөліміне криминалист қызметіне жолдама алсам, биыл отбасылық жағдайына байланысты Алматы қаласына ауыстым. Алғашында мегаполисте, үлкен қалада, басқа контингентте, үлкен жүктемеде жұмыс істеу қиын болды. Бірақ содан кейін тәжірибелі және жоғары білікті тәлімгерлер мен әріптестерімнің көмегімен мен криминалистика негіздерін үйрендім «, - деді ол.

Назерке Айтжанова тұрмыста. Бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Оның жолдасы да Ішкі істер органдарында да қызмет етеді.Нақтырақ айтсақ, Қазақстан Республикасы ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясында жұмыс істейді.

Жас криминалист ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы ол үшін өте айтулы күн екенін атап өтті.

«Қазақстан – тұрақтылық пен жаңа мүмкіндіктердің кепілі. Мен осы жерде туып-өстім, еліміздің ведомстволық жоғары оқу орындарының бірінде білім алып, даму мүмкіндігін пайдаландым. Осындай жас, бірақ онсыз да қуатты мемлекетті танытатын ұрпақтың өкілі болу біз үшін мәртебе. Біз 1991 жылы дүниеге келдік – бұл бізге әрі қарай дамып, биік белестерді бағындыруға жол ашады», – деп қосты кейіпкеріміз.

Мегаполистегі қауіпсіздікті қадағалап, көшедегі тәртіпті бақылап жүрген тәуелсіздік құрдастарының бірі Нұрсұлтан Оспанов. Ата жолын қуып, полиция мамандығын таңдапты. Қазіргі шені капитан.

«Маған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің құрметіне сол кісінің есімін берді. Әкем ішкі істер органдарында жұмыс істеді, мен де әке жолын қууды жөн көрдім. 2015 жылдан бері учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеймін. Мен өз жұмысымды бағалаймын, өйткені әрбір жұмыс пайдалы болуы керек деп есептеймін. Учаскелік полицияның басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау. Қылмыс орын алған жағдайда учаскелік полиция қызметкерлері оқиға орнына бірінші болып келеді – олар өз аймағын, кейде жәбірленуші немесе күдікті болған адамды жеке біледі. Сондықтан біз жедел қызметкерлерге ең қажетті ақпаратты бере аламыз. Ауданның тыныштығы біздің мойнымызда «, - деді ол.

Кейіпкеріміздің пікірінше, мерекелік дата – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы бостандықтың символы.

«Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мен жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеурінді және дана басшылығымен әрбір қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің арқасында мүмкін болды. Қазақстан ядролық қауіпсіздік рейтингінде ең қауіпсіз елдердің қатарына кіреді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстанды еліміздің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірместен ядролық қарусыз мемлекетке айналдыру жөніндегі тарихи маңызды міндетті шеше білді.

Өз кезегінде полицейлер де өз міндетіне адал деп айта аламын. Мен үшін Отаныма қызмет ету, Қазақстанның тәуелсіздігімен құрдас болу – үлкен мәртебе. Барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!», – деп түйіндеді тәртіп сақшысы.