Отанымыздың гүлденуі үшін өз үлесімізді қосуымыз қажет - соғыс ардагері
АСТАНА. ҚазАқпарат - Барлығымыз Отанымыздың өсіп-өркендеуі, гүлденуі үшін үлес қосуға тиіспіз. Елордадағы «Отан қорғаушылар» алаңында Ұлы Отан соғысының ардагері Мыңайдар Боранбайұлы ҚазАқпарат тілшісіне осындай пікір білдірді.
«Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 69 жыл толып отыр. Бүгінде тәуелсіз қазақ еліміз барынша қарқынды даму үстінде. Біз бейбітшілік пен келісімді тіршілік кешіп, немерелеріміз бен шөберелеріміз емін-еркін бейбіт аспан астында өсіп келеді. Мен Қазақстанның жылдан жылға бұдан да гүлденіп, нығая түсуін тілеймін. Азаматтарымыз да мемлекетпен бірге жаңа жетістіктерге жетіп, әл-ауқаттарын арттыра берсін. Біздің барлығыз Отанымыздың гүлденуіне өз үлесімізді қосуға тиістіміз», - деді майдангер қарт.
Айта кетейік, М.Боранбайұлы 1944 жылы 17 жасында майданға алынған болатын. Ол Беларусь жерінде өткен соғыстарға қатысып, Еуропаның бірқатар қалаларын басқыншы фашистерден азат ету ұрыстарында ерлікпен шайқасты.