«Отар» 40-шы әскери базасында ҚР Президенті - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысының қатысуымен әскери парад өтті

АСТАНА. 7 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Президенті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Отар» 40-шы әскери базасында Отан қорғаушы күніне арналған әскери парад өтті.
None
None

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен мәлім етті.

Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев Қазақстан Президентіне әскердің парадқа дайындығы туралы баяндады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде әскери қызметшілерді, ардагерлер мен барша қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан армиясы далалық жерлерде жыл сайын жедел және әскери дайындық бойынша 250-ден астам іс-шара өткізетініне тоқталды.

- Әскери парад барлық осы дайындық іс-шараларының шарықтау шегі болып табылады. Бұл Қазақстан армиясы әскери бөлімшелерінің кәсіби машығының, үйлесімділігі мен мүмкіндіктерінің іс жүзіндегі көрінісі. Бүгін армия бөлімшелері Құрлық әскерлері мен Әуе қорғанысы күштері жарақтанған заманауи қару-жарақты қолданудағы өз шеберліктерін көрсететін болады. Әскери парадқа 7 мың әскери қызметші, 400-ден астам әскери техника, 80 ұшақ және тікұшақ қатысады. Бұл - біздің аса ауқымды жаттығуымыздың бірі. Сонымен қатар, Каспий теңізі айлағында Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің кемелері жауынгерлік атыс үлгісін көрсетеді. Бұл күні, 7 мамырда, сардарлар мен сарбаздар нағыз патриоттар және өз ісінің шеберлері екендіктерін іс жүзінде дәлелдейді, олардың қуатты және айбынды естілетін ұраны: «Қуатты армия - қуатты Қазақстан!», - деді Қазақстан Президенті.

Дәстүрлі әскери парад кез келген армияның дайындығының аса қажетті құрамдас бөлігі болып саналады. Бүгінгі әскери парадтың ерекшелігі - сарбаздар мен сардарлардың әскери машығы мен кәсіби шеберліктерін, Қазақстан армиясы жабдықталған қару-жарақ пен әскери техниканың нақтылы қолданылуын іс жүзінде көрсетудің мүмкіндігін жүзеге асыру.

Құрлық әскерлері мен Әуе қорғанысы күштері зымырандар атуды, бомбалауды, қару-жарақтың барлық түрінен жауынгерлік атысты жүзеге асырды.

Әскери әуе күштері майдандық және армиялық ұшақтар мен тікұшақтардан аспанда әуе ұрысын жүргізді. «Жетісу» және «Сұңқар» ұшқыштар тобы жоғары деңгейде ұшу өнерін көрсетті.

Жаттығуда Әуе қорғанысы күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғанысын С-125 зениттік-зымырандық кешені көрсетті. Ол басқарылатын зениттік зымырандармен әуеде көрсетілген нысаналарды көздеп атуды жүзеге асырды.

Әскери парад барысында Зымырандық әскер және артиллерия өз зеңбіректері­ - «Точка-У» тактикалық зымырандық кешені, «Град» және «Прима» дүркін атылыс зымырандық жүйесі, МСТА-Б және Д-30 зеңбіректері, «Солнцепек» ауыр отшашу зымырандық жүйесі, «Штурм-С» танкіге қарсы зымырандық кешені және т.б. мүмкіндіктерін көрсетті.

Парадқа қатысқан топтар құрамына Қарулы күштер, әскери оқу орындары, ІІМ ішкі әскерлері, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелері, сондай-ақ Республикалық ұланның рәсім батальоны кірді.

Мемлекет басшысы әскери парад аяқталған соң жауынгерлік өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін көрсету арқасында бүкіл еліміз Қазақстанның әскери қауіпсіздігін лайықты қамтамасыз етудің куәсі болғанын атап өтті. Ол Қарулы күштеріміз азаматтардың татулығы мен тыныштығын қорғап тұрғанына тоқталды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков және Қарулы күштер генералитеті өкілдерімен бірге отандық кәсіпорындардағы жаңа және жаңғыртылған әскери техника үлгілерімен танысты. Қару-жарақ көрмесін «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ құрамына кіретін Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары ұйымдастырды.

Қазақстан Президентіне әскери, азаматтық және қосарлы мақсаттағы арнайы техникалар, соның ішінде штабтық, жауынгерлік, медициналық, іздестіру-құтқару машиналары, радиорелелік станса, қарлы-батпақты жерлерге арналған «Тұлпар» машинасы, Қазақстанда құрастырылатын ЕС-145 тікұшағы, ұшқышсыз ұшатын аппараттар үлгісі және қару-жарақ, техника мен киім-кешектің өзге де түрлері көрсетілді.

Көрмені аралап шыққаннан кейін Жоғарғы Бас Қолбасшы әскери парадқа қатысқан командалық құраммен және қатысушылармен әңгімелесті. Оларды Отан қорғаушы күнімен тағы да құттықтап, жоғары кәсіби және әскери дайындығы үшін ризашылығын білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан сардарлары әрдайым патриоттықтың эталоны болып, жас ұрпаққа үлгі болуы керектігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар