Отбасы күні: Ауылға қарағанда қалада некелесу деңгейі жоғары
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Қазақстанда Отбасы күні аталып өтеді. Қазақ қоғамы үшін отбасы институты қашанда құнды, маңызды. Дегенмен, әлемнің көптеген елі секілді Қазақстанда да отбасын кешірек құру үрдісі байқалады. Бұл туралы Экономикалық зерттеулер институты Өңірлерді зерттеу және өмір сапасы орталығы директорының орынбасары Әйгерім Аманжолова пікір білдірді.
Сарапшының айтуынша, жастар некеге тұрмас бұрын білім алып, кәсіби тұрғыда қалыптасып, қаржылай тәуелсіз болуға көбірек мән береді.
— Былтыр алғаш неке қиғандардың орташа жасы ерлер арасында 27,9 болса, әйелдер арасында — 25,3 жас болып отыр. Салыстыра кетсек, 2014 жылы бұл көрсеткіш 27,1 және 24,6 жас болған. Елдегі жалпы некелесу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 5,69 пайыз. Ең жоғары көрсеткіш Астанада (6,75), Қарағанды облысында (6,32), Шығыс Қазақстан облысында (6,27) және Алматы облысында (6,18) деңгейінде тіркелді, — дейді Әйгерім Аманжолова.
Ал ең төмен көрсеткіш Қызылорда (5,06), Батыс Қазақстан (5,10) және Атырау облыстарында (5,17) тіркелді. Өңірлер арасында айтарлықтай айырмашылық байқалмайды, бұл еліміздің барлық өңірінде отбасы құндылығы жоғары екенін көрсетеді.
— Тағы бір ерекшелік — қалада некелесу деңгейі жоғары. 2025 жылы қала тұрғындары арасындағы некелесу коэффициенті 6,09 болса, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш — 4,98 болған, — деді зерттеуші.
Қазақ қоғамында отбасының рөлі жоғары екенін 2025 жылы Экономикалық зерттеулер институты жүргізген әлеуметтік зерттеу де растады. Сауалнамаға қатысқандардың 97,4%-ы туыстары және достарымен араласып тұратынын айтса, 89,5%-ы қиын жағдайға тап болғанда арқа сүйейтін жақын адамы бар екенін атап өткен.
— Мұндай нәтиже елімізде отбасы, туыстар арасындағы қарым-қатынас қоғамның бірлігін нығайтуда, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды екенін дәлелдейді, — деді Әйгерім Аманжолова.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы елімізде 116 мың неке тіркелген.
Сондай-ақ Қазақстанда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы басталды.