Отбасылық үлгідегі балалар ауылына кімдер тәрбиеші бола алмайды

АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрі міндетін атқарушының бұйрығымен отбасылық үлгідегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйлерінің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге өзгерту енгізілді.

детский сад, балабақша, дети, балалар, кружки, тәрбиеші
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Қолданысқа енгізілетін өзгертулерге сәйкес, енді тәрбиешілерге қойылатын талаптар нақтыланады. Тәрбиеші өз қызметінде Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясын, Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Білім туралы» заңды және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.

Тәрбиеші болуға рұқсат берілмейтін адамдардың тізімі айқындалады. Сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдар тәрбиеші бола алмайды.

Балалар ауылындағы тәрбиеленушілердің білім алуына жағдай жасау талабы енгізіледі. Балалар ауылының әкімшілігі тәрбиеленуші оқу орнында білім алған жағдайда, оның білім алуы үшін тиісті жағдай жасауға міндетті. Тәрбиеленушілердің әлеуметтік құқықтары нақтыланады. Жасөспірімдер үйіндегі тәрбиеленушілер Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде көзделген жеңілдіктерді пайдалануға құқылы.

Тәлімгер болуға қойылатын талаптар да нақтылана түседі. Сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдар, сондай-ақ жұбайын сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдар тәлімгер бола алмайды.
Тәлімгерлікке өтініш беру кезінде жұбайының келісіміне қатысты талап өзгертіледі. Егер ерлі-зайыптылар іс жүзінде отбасылық қатынастарын тоқтатса немесе бір жылдан астам уақыт бөлек тұрса, жұбайының келісімі талап етілмейді.

Сонымен қатар жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлікті ұйымдастыру қағидалары бекітіледі.

Бұған дейін ШҚО-да прокуратура араласқаннан кейін үш жетім бала тұрғын үй кезегіне қайта қойылғанын жазған едік.