Отбасыммен бірге өз таңдауымды жасадым — энергетика ардагері Виктор Графкин

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы Оқушылар сарайында орналасқан № 303 референдум учаскесінде энергетика саласының ардагері Виктор Графкин отбасымен келіп, дауыс берді. Осыған орай Kazinform тілшісі В.Графкинмен тілдескен еді.

Виктор Графкин
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

— Виктор Владимирович, референдум учаскесіне қандай көңіл-күйде келдіңіз?

— Көңіл-күй ойдағыдай. Бүгін осында жұбайым Валентина Николаевна және ұлым Андреймен бірге келіп, өз таңдауымды жасадым. Бүгін барша қазақстандықтар үшін маңызды күн дер едім. Әркез өз пікіріңді нық білдіріп, дұрыс таңдау жасаудың мәні зор.

Виктор Графкин
Фото: Ғайсағали/Kazinform

— Сізді энергетика саласының ардагері ретінде жақсы білеміз. Осы салаға қалай келгеніңізді қысқаша айтып өтсеңіз?

— Мен Батыс Қазақстан облысының тумасымын, алдағы жылы тоқсан жасқа толамын. Свердловск (қазіргі Екатеринбург) қаласындағы Урал политехникалық институтын бітіргеннен кейін Орал жылу-электр орталығында кезекші инженер болып еңбек жолын бастадым. Қалалық электр желісін басқардым, «Батыс Қазақстан өңірлік электр желілік компаниясы» ЖШС-ның бас инженері болдым. Жалпы еңбек өтілім — 63 жыл. Жылу-электр орталығы бастапқыда көмірмен жұмыс істеді, кейін мазутқа, сосын газға ауыстырдық. Батыс Қазақстан облысын электрлендіру жұмыстарына тікелей атсалыстым деп айта аламын. Өңірде мен бармаған ауыл жоқ деуге болады.

— Жасыңыз жетпістен асқанша жұмыс жасаған екенсіз. Кейінгі жастарға не айтар едіңіз?

— Маман керек болған соң, жетпістен асқанша еңбек еттім. Кім-кім де өз саласының мықты маманы болғысы келсе, ізденуден жалықпау керек. Қазіргі заманда жаңа технологиялар енгізілуде, талап та басқаша. Сондықтан бұдан кейінге қалып қоймау үшін білім-білігіңді үздіксіз жетілдіру қажет.

— Ал кадр мәселесін қалай шешуге болар еді?

— Қазақстанда мамандарды жақсы даярлайтын жоғары оқу орындары бар. Міне, соларды жандандырып, дұрыс жолға қойса, мақсатымызға жете аламыз.

— Сіз жуырда «Орал қаласының құрметті азаматы» атандыңыз. Осы орайда қаланың құрметті азаматы ретінде оралдықтарға, барша Қазақстан халқына қандай тілек айтар едіңіз?

— Ең алдымен барлық адамға денсаулық тілер едім. Ауырмай-сырқамай, кемінде жүз жасаңыздар! Ең бастысы, алдымызға биік мақсат қойсақ, алынбайтын қамал жоқ.

— Әңгімеңізге рахмет. Деніңіз сау болып, ұзақ жасаңыз!