Отбасын қолдау орталықтарының саны 200-ге дейін артады

Отбасын қолдау орталықтары
Фото: syrboyi.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі Отбасын қолдау орталықтарының саны 200-ге дейін артады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған. 

«Өңірлерде отбасыларға кешенді көмек көрсету үшін 68 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Орталықтар психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетеді, түрлі курстар мен семинарлар өткізеді. Орталықтардың функциялары көзделген Әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң қабылданды. Заңды іске асыру аясында орталықтардың қызметін жүзеге асыру қағидалары әзірленді», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, орталықтардың қызметі мемлекеттік отбасы саясаты іс-шараларын іске асыруға, отбасылық жанжалдарды шешуге, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) қолдаумен қамту жөніндегі жұмысты үйлестіруге, адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және қолдауды ұйымдастыру жөніндегі мобильдік топтардың жұмысын ұйымдастыруға бағытталған.

«Орталықтар халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың жанынан құрылады. 2025-2027 жылдары ішінде орталықтар саны 200-ге дейін артады. Сонымен қатар орталықтар әйелдерге Мансаптық орталықтар, Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары арқылы кәсіптік дағдыларды оқыту және кәсіпкерлікті дамыту тұрғысынан қолдау көрсетеді», - деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар