Отбасының цифрлық картасы 20,4 млн қазақстандықты қамтиды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда Отбасының цифрлық картасы 6,2 млн отбасының немесе 20,4 млн адамның әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалауға мүмкіндік береді, деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

у
Фото: Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі

2023 жылдан бері жұмыс істейтін жүйе 30 цифрлық дереккөздегі мәліметтерді пайдаланады. Оның көмегімен отбасылардың әлеуметтік жағдайы анықталып, мемлекеттік қолдауға мұқтаж азаматтар айқындалады.

Бағалау кезінде отбасының табысы, тұрғын үйі, автокөлігі, жер учаскесі, кәсіпкерлік қызметі және кредиттік жүктемесі ескеріледі.

– Сонымен қатар отбасы мүшелерінің саны, жасы, балалардың, мүгедектігі бар адамдардың болуы және басқа да өмірлік жағдайлар назарға алынады. Жинақталған мәліметтер негізінде отбасылар әл-ауқатының бес санаты бойынша бөлінеді: жоғары, ауқатты, қанағаттанарлық, экономикалық осал және экономикалық әрі әлеуметтік осал. Жүйенің басты мақсаты – әр отбасының нақты жағдайын бағалап, қажетті әлеуметтік көмекті дер кезінде ұсыну, – делінген ақпаратта.

Отбасының цифрлық картасы азаматтардың материалдық жағдайын ғана емес, әлеуметтік қолдауға қажеттілігін де анықтауға бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін Отбасының цифрлық картасындағы әл-ауқат санаты қате көрсетілген жағдайда қайда жүгіну керектігі түсіндірілген болатын.