Отбасының цифрлық картасындағы санат қате болса, қайда жүгіну керек

АСТАНА. KAZINFORM — Отбасының цифрлық картасында отбасы құрамы немесе әл-ауқат деңгейі қате көрсетілсе, азаматтар тұрғылықты жері бойынша тиісті мемлекеттік органдарға жүгіне алады. Мамандар мәліметтерді тексеріп, қатені түзетуге көмектеседі. 

семья
Фото: Министерство труда и социальной защиты населения Казахстана

Ол үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне немесе әкімдіктің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласу қажет.

Мамандар деректерді тексеріп, сәйкессіздіктің себебін анықтайды. Қате мәлімет бастапқы дереккөзде түзетілген соң жаңартылған ақпарат Отбасының цифрлық картасына автоматты түрде түседі. Отбасының санаты келесі бағалау кезінде қайта есептеледі.

Деректер түзетілгеннен кейін қайта өтініш берудің қажеті жоқ.

Отбасылардың әл-ауқат деңгейі ай сайын бағаланады. Сондықтан белгіленген санат тұрақты болып қалмайды. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер өзгерген сайын картадағы ақпарат та жаңартылады.

Мәселен, отбасының табысы азайса, мүлкі сатылса, мүшелерінің саны көбейсе немесе тұрмыс жағдайында басқа да өзгерістер болса, оның әл-ауқат деңгейі қайта бағаланады.

Отбасының цифрлық картасы 2023 жылғы 1 қаңтардан бері жұмыс істейді. Қазір жүйеде 6,2 миллион отбасын құрайтын 20,6 миллион азамат туралы мәлімет бар.

Жүйе әр отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы ақпаратты жинақтап, әл-ауқат деңгейін анықтайды. Бұл мемлекетке азаматтардың қандай көмекке мұқтаж екенін алдын ала айқындап, тиісті қолдау шараларын өтініш күтпей ұсынуға мүмкіндік береді.

Бағалау әдістемесі халықаралық тәжірибе негізінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп әзірленген.

Отбасылар әл-ауқат деңгейіне қарай бес санатқа бөлінеді:
· А — әл-ауқаты жоғары;
· В — ауқатты;
· С — әл-ауқаты қанағаттанарлық;
· D — экономикалық тұрғыдан осал;
· Е — экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал.
Отбасының қай санатқа жататыны бір ғана көрсеткішке қарап анықталмайды. Бағалау сегіз негізгі бағыт бойынша 59 көрсеткішті қамтиды. Атап айтқанда:
· отбасының қаржылық жағдайы;
· мүлкі мен басқа да активтері;
· тұрғын үй жағдайы;
· жеңіл және коммерциялық көлігінің болуы;
· жер телімі мен жеке қосалқы шаруашылығы;
· отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы;
· несиелері мен мерзімі өткен берешегінің болуы;
· кәсіпкерлікпен айналысуы және басқа да көрсеткіштер.

Отбасының санаты тек табысына, баспанасына немесе көлігіне қарап белгіленбейді. Оның әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты барлық мәлімет ескеріледі.

Мысалы, «А» санатына жататын отбасылардың жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен кемінде жеті есе жоғары, яғни шамамен 350 мың теңге немесе одан көп болады. Мұндай отбасылардың әр мүшесіне шаққанда шартты түрде кемінде 120 шаршы метрден келетін бірнеше баспанасы, коммерциялық жылжымайтын мүлкі, жеке бизнесі, сондай-ақ люкс немесе премиум санатындағы қымбат автокөліктері болуы мүмкін.

Отбасылардың әл-ауқатын осылай бағалау мемлекеттік қолдау көрсету кезінде олардың нақты жағдайын дәлірек анықтап, әлеуметтік көмекті мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді деп күтіледі.

Бұған дейін 2027 жылдан бастап бірқатар әлеуметтік төлемді тағайындау тәртібі өзгеретіні хабарланған болатын.