«Отбасы - әлеуметтік жетімдік мәселесін шешудегі мықты билік» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 21 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 21 сәуір, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Тарих үшін қас-қағым сәт саналатын жиырма жылдың ішінде Қазақ елінде атқарылған ірі істердің бірі - тәуелсіздік дипломатиясының дүниеге келуі, қаз басып, қалыптасуы, әлемге танылуы. Осының бәрі жиырма жыл бұрын жаңа ғана қолға алынған еді дегенге бүгінде сенудің өзі қиын. Қазіргі таңда Қазақстан - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық еткен, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына жетекшілік жасап жатқан мерейлі мемлекет. Мұның өзі ең алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясатты ұдайы назарда ұстап, маңызды салаға нақты қамқорлық көрсетуінің арқасы. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында да бұл жайт анық байқалды. Бұл жайында басылымның сенбілік санында жарық көрген «Қазақстанның жаһандық феномені» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған.
Өркениеті мен мәдениеті дамыған елдерде адамдардың құқық қорғау органдары қызметіне көңілі тояды. Өйткені, олар сол құқық қорғау органдарының тиімді қызметі арқылы небір қылмыс пен келеңсіздіктерден арылады. Ал бұған қол жеткізе алмаған жағдайда құқық қорғау органдарының қызметі басқаша сипатта өрбиді. Бұл адамдардың наразылығын тудырады. Демек, құқық қорғау органы қызметкерінің ең басты да қасиетті міндеті адам мен азаматтың құқын қорғау екенін, сөйтіп елдіктің еңсесін көтеру екенін қайткенде олардың әрқайсысына ұғындыруға болады? Міне, осы және басқа да көкейде жүрген көп сауалдарға орай Парламент Мәжілісінің депутаты, профессор, генерал-лейтенант Абай Тасболатов «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында егжей-тегжейлі жауап берген. Сұхбат «Жауға - қалқан, жасқанғанға қорған болса игі» деген тақырыппен берілген.
Бүгінде ұрпақ тәрбиесі аса зор көңіл бөлетін мелекеттік мәселелердің біріне айналып отыр. Ел тыныш, жақсы заманда қағанағынан жеріген «анасымақтар» мен «көкек» әкелердің қатігездігінен тастанды жетімдер саны көбеюде. Осы өзекті мәселе турасында республикалық Әйелдер кеңесінің төрайымы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нина Қаюпова, Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшелері Айткүл Самақова, Гүлмира Исімбаева, ҚазҰҒА академигі Әлия Бейсенова, Ы.Алтынарин атындағы №159 гимназияның директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова осы мәселе жайында «Егемен Қазақстан» газетінде ой бөліскен. Газеттің «Отбасы - әлеуметтік жетімдік мәселесін шешудегі мықты билік» деген сыр-сұхбатында осы тақырып тарқатыла баяндалған.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Қазақстанның халық әртісі Ғафиз Есімовпен арадағы сұхбат жарық көрді. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Қазіргі кезде бір қуанарлық жағдай. Біздің опера театрына көрермендер келе бастады. Менің халыққа айтар бір тілегім, зейнетке шыққан аталары мен әжелері немерелерін жетектеп театрға келсе деймін. Орыс, еурей халықтары өздерінің бала-шағасын ертіп операға, балетке, спектакльдерге бірге барады. Сөйтіп, олар өз ұрпағын тәрбиелейді, бізде де осындай тәрбие болса екен. Қазір үйдегі көк жәшікте де көретін ештеңе қалмады», - деді.
Ақша табу үшін бүгінгі жұрт қайда бар десең де айылын жимайтын түрі бар. Жұмыссыздықтан шаршаған адамдар өз бетімен күн көрудің жаңа жүйесіне көшкен. Бұл - жалдамалы жұмыс, яғни «құл базары. Осы мәселе «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында көтерілген. «Жалдамалы кәсіптің жөн-жобасын анығырақ білу үшін осы азаматтармен бірге жұмыстарына барып, дастарқандас болғанымыз жөн бе деп шештік. Сөйтсек, «құл базарына» кіру үшін де мықты «крыша» бола алатын танысың болуы керек екен. Тіпті жұмысқа бару үшін өз араларында жұдырыққа жүгініп қалатын кездер аз кездеспейтін көрінеді», - деп жазады басылым. Мақала «Құл базары» немесе жалдамалы жұмысшылар неге көбейген?» деген тақырыппен берілген.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні қарсаңында ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке кітапханасының қорынан «Дәуір бейнесі» атты кітап көрмесі ашылды. Тамыз айының 20 жұлдызына дейні жалғасатын көрме Мемлекет басшысының өмірі мен қызметінен сыр шертеді. Мұнда Президенттің лебіздері жазылған кітаптарға басымдық берілген. Олардың арасныда металлургия мен саясат туралы естелік мазмұндағы әдебиеттер ерекше орын алады. Мақала «Елбасының өмірінен сыр шертеді» деген тақырыппен берілген.
***
Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров Жалпыұлттық социал-демократиялық «Азат» партиясынан шығып, саяси мәлімдеме жасады. Мәлімдеме мәтіні «Казахстанская правда» газетінде жарық көрді. «Азат» ЖСДП таңдаған стратегияда мемлекеттің табысты дамуына, қарапайым халықтың тұрмысын өркендеуге апаратын нақтылы жоспар болған жоқ. Сондықтан мен «Азат» ЖСДП қатарынан шыққалы отырмын. Менің әрекетімді үлгі тұтып, партияға кірген жандардың баршасынан мен кешірім сұраймын. Тәуелсіздіктің 20 жылындағы Қазақстанның табыстары дау тудырмайды. Бұл жетістіктерде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сіңірген еңбегі орасан. Халық өз Көшбасшысын жақсы көреді! Оған дәлел - мерзімінен бұрын өткен президенттік сайлау мен Қазақстан Парламенті Мәжілісі сайлауының нәтижелері. Сайлауда халық Тұңғыш Президент ұстанған бағытқа, оның көреген саясатына деген қалтқысыз қолдауын білдірді», - делінген мәлімдемеде.
«Кішігірім бұзақылықпен күрестегі астаналық қатаңдық өңірлерге де тараған сияқты. Талдықорғанда темекі тұқылын көше тастаған 42 жастағы азаматты сот 2 күнге абақтыға жапты», - деп жазады «Время» газеті «Курить - свободе вредить!» деген тақырыптағы мақаласында. «Соттық тергеу амалдары барысында құқық бұзушының бұған дейін де әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығы белгілі болды. Сондықтан да сот азаматты тұтқындау қажет деп шешті», - деп түсіндіреді Талдықорған қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Раушан Тұрсымбаева.