Отбасы құндылықтарын қоғамда кеңінен насихаттау маңызды - «Мерейлі отбасы» байқауының елордалық жеңімпазы
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының Астана қаласы бойынша жеңімпазы Кендай Ахметовтың отбасы немерелерін де теміржол саласына баулуды жоспарлап отыр.
«Біз теміржолшы әулетіненбіз. Жалпы Ахмет атамнан тараған ұрпақтың осы саладағы еңбек өтілі 1264 жылды қамтып отыр. Әкем Төлеухан мен оның ағалары да теміржолда еңбек етті. Атап айтқанда, бұл салада өзімнің және жолдасымның, сондай-ақ балаларымның еңбек өтілін қосқанда 107 жыл жұмыс істеп келеміз. Бұл - біздің отбасымыздың еңбек жолы», - деді Кендай Ахметов «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында.
Осы мерейлі отбасы үш қыз және бір ұл тәрбиелеп, олардан немерелер сүйіп отыр.
«Әулетіміздегі дәстүрді жалғастырып, немерелерім де теміржолшы мамандығын жалғастырғанын қалаймын. Оларды бұл салаға баулып көруге тырысамыз», - деп тоқталды К. Ахметов.
Енді астаналық жеңімпаз қыркүйекте өтетін республикалық сайыста бақ сынайды. Биыл К. Ахметовтың отбасы елордада өтінім бергендер арасында үздік деп танылды.
«Байқауда биыл жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Бұл жақсы бастама. Өйткені, бұл бағытта ұлттық құндылықтар мен дәстүрімізге, ұрпақ тәрбиесіне терең мән беріледі. Біз бала тәрбиесіне айрықша назар аударуға тырыстық. Сондықтан отбасы құндылықтарын қоғамда кеңінен насихаттау маңызды деп білемін», - дейді Кендай Ахметов.
Естеріңізге сала кетейік, "Мерейлі отбасы" конкурсы аясында Қазақстанның ең үздік отбасы Астанада 12 қыркүйек күні анықталады.Сайыстың облыстық кезеңі 23 мамырда өткен болатын. Онда жеңіске жеткен отбасылар Астанада өтетін конкурстың ақтық сайысы мен "Мерейлі отбасы" гала-концертіне қатысуға мүмкіндік алды. Бұл шара Отбасы күні қарсаңында өткізіліп, 12 қыркүйек күні еліміздегі ең үздік отбасы белгілі болады. «Мерейлі отбасы» конкурсы биыл Қазақстанның барлық өңірлерінде 1 сәуірде басталған болатын. Оған 500-ден астам отбасы қатысты.
Айта кетейік, ақтық сынға өткен 16 үміткер отбасының ішінде үздігін таңдау SMS-хабарламалар және интернет арқылы дауыс беру нәтижесінде жүргізіледі. Дауыс берудің басталуы туралы ақпарат ұлттық телеарналар арқылы жарияланады. Финалдың теленұсқасы 14 қыркүйекте көрсетіледі.