Отбасыларда патронаттық тәрбиеде жүрген жетім балаларға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленеді
Үкімет басшысы орынбасарының қатысуымен өткен жиында бұл мәселе талқыланғанын жеткізген депутат, «бұл 15 мың теңгені құрайды. Атап айтқанда бастапқыда бұл сомадан жоғары көрсеткішті белгілеген болатынбыз, алайда 15 мың теңгеге келістік. Себебі, бірден 30 мың теңге көлемінде бекітіп, бұл деңгейден аттап өтуге мүмкіндік бермейтін жағдайлар бар. Менің ойымша, ең бастысы бұл мәселе тұрғысында мемлекет қолдауы бар және осы тұрғыда алғашқы қадам жасалып отыр»,- деді.
Осы орайда депутат бүгінде 42 мың жетім балалар бар екенін, оның 15,5 мыңы мемлекеттік балалар үйі мен интернаттарда тәрбиеленіп жатқандығын жеткізді. 27,4 мың бала қамқорлық және патронат жағдайында отбасы тәрбиесіне берілген. А. Самақованың айтуынша, отбасыларда патронаттық тәрбиедегі балаларға жәрдемақы төлеу мәселесін ҚР Үкіметі қолдап отыр және тиісті қаржы 2011 жылдың бюджетінде қарастырылмақ.