Отбасында, мектепте, басқа да әлеуметтік институттарда лидерлік қасиеттердің қалыптасуы туралы ғылыми жоба жүзеге асуда
АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Мұражайында «Көшбасшылық және тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинары барысында «Отбасында, мектепте және басқа да әлеуметтік институттарда лидерлік қасиеттердің қалыптасуы» атты ғылыми жобаның жүзеге асу барысы талқыланды.
Ғылыми жобаның мақсаты лидерлік феномені мен әлеуметтік топтың тұлғаны қалыптастыруға ықпалын зерттеу болып табылады. Зерттеулерде айқындалғандай, көшбасшылық қасиеттер алғаш рет отбасында қалыптасып, одан әрі қарай дамуы әлеуметтік институттарда жалғасын табады.
«Бүгінгі семинар аясында біздің әріптестер ғылыми жоба турасында өз пайымдарын ортаға салатын болады. Олардың арасында Әзірбайжан, Украина елшілігінің өкілдері бар. Неге осы мемлекеттерден өкілдер шақырылды, дегенге келсек біз бұған дейін Әзірбайжанның тұңғыш президентінің 85 жылдығы аясында бірлескен жобаларға атсалысқан болатынбыз. Келесі жылы Г. Әлиевтың 90 жылдығына да көрме ұйымдастыруды жоспарлаймыз. Ал Украинаның Қазақстанмен достығы өз алдына, Тұңғыш Президентіміздің өмірбаянында бұл ел де ерекше орында тұр», - дейді Тұңғыш Президент Мұражайы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.
Оның айтуынша, аталған ғылыми жобаның жүзеге асып жатқанына 3 жылдан астам уақыт болды. «Шағын ізденіс жұмыстары мемлекет басшысының туған жерінде басталды, қазір ол кең ауқыммен жүзеге аса бастады. 2013-2015 жылдары аралығында да тұлғаның әлеуметтенуі жобасы аясында да жалғастыратын боламыз. Менің ойымша, ғылыми жобаның логикалық-теориялық нәтижелері ғана емес, әдістемелік жалғастыру шаралары да маңызды», - деді ол.