Отбасындағы жанжалшыларды қамау мерзімін 48 сағатқа дейін арттыру керек - Бас прокурор

Бас прокурордың сөзіне қарағанда, қазіргі күні тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты тұрғындардың сана-сезімін өзгертудің жаңа жолдарын іздестіру, проблемаға қатысты көзқарасты өзгерту аса маңызды. «Соңғы жылдары елімізде осы саладағы заңдылықты нығайту бойынша заңнамалық және практикалық шаралар қабылданды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заң зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауды және отбасылық жанжалшыларға қатысты қылмыстық-процестік мәжбүрлеуді қамтамасыз ету мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті. Соның арқасында отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстардың азаю динамикасына қол жеткізу мүмкін болды. Алайда бұл проблема әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық сол күйінде маңызды әлеуметтік проблема болып қалып отыр», - деді Ж. Асанов. Оның айтуынша, көптеген құқық бұзушылар жазадан құтылса, зорлық-зомбылық фактілері айтылмаған күйінде тіркелмей қалып жатыр. Сонымен қатар, ресми статистика жәбірленушілердің полицияға шағымдануына кедергі келтіретін көптеген факторлар салдарынан жағдайдың нақты сипатын көрсетпейді.
«Сондықтан да, қазіргі күні отбасындағы зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алудың мүлдем жаңа жолдарын іздестіру маңызды. Осындай әрекеттердің алдын алуда әлеуметтік-құқықтық шараларға басымдық беру керек», - дейді Бас прокурор. Оның сөзіне қарағанда, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен тиімді күресудің негізгі шарты - қоғамның парадигмасын өзгерту. «Ол үшін қоғамдық сана мен қалыптасқан стереотиптерді түбегейлі өзгертіп, отбасындағы зорлық-зомбылықтың салдарына сәйкес түсінік қалыптастыру қажет, қоғамға қарсы мінез-құлықты еркімен жібермеу керек. Әрбір жазасыз қалған үй бұзақысы өзінің бойында бұдан да ауыр құқық бұзушылықтарды жасауға негіз болатын жауапкершіліксіздік сезімін дамытады», - дей келе, Бас прокурор тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктерін жетілдіруге бағытталған заңнамалық ұсыныстарды алға тартты. «Мысалы, ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді әкімшілік құқық бұзушылықтар қатарына қайтару керек. Тұрмыстық, отбасылық жанжалшыларды ұстау мерзімін 3-тен 48 сағатқа дейін арттырып, қорғау нұсқамасының мерзімін 90 тәулікке дейін ұзартуды ұсынамыз. Жұмыстың сәтті жүруіне мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының біріккен күшінің нығаюы септігін тигізеді, әсіресе отбасындағы зорлық-зомбылық проблемаларын практикалық тұрғыда шешумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдармен әрекеттестіктің зор ықпалы бар», - деді Ж. Асанов.