«Отбасының бірлігі - Отанның бірлігі» - баcпасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 20 қыркүйек, cенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Отбасының бірлігі - Отанның бірлігі» - баcпасөзге шолу

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Елбасының арнайы Жарлығымен, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен еліміздің он төрт облысы мен Астана және Алматы қалаларын қамтыған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы мәреге жетті. Шараға Н. Назарбаев арнайы қатысып байқау жеңімпазын құттықтады. «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында Елбасының байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзі беріліп отыр. «Бүгінгі мерекенің терең мәні бар. Біріншіден, жердегі өркениеттің бүкіл хронологиясы - кез келген қоғамның негізі ретіндегі Адамзат Отбасының Ұлы тарихы. Екіншіден, отбасы - өте ұлы құндылық. Мыңжылдықтар мен ғасырлардан бері отбасы әрбір қоғамның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан моральдық салттардың, ұлттық дәстүрлердің сақтаушысы болып табылады. Үшіншіден, отбасы - өз халқыңа, оның мәдениеті мен тұрмысына деген сүйіспеншіліктің сарқылмас қайнар көзі. Ол ата-аналар, балалар мен немерелер бақытының призмасы арқылы өтетін патриотизм мен Отанның өркендеуіне деген мәңгілік қамқорлықтың қайнар көзі. Ол ұрпақтардың ғасырлық өзара байланысы. Төртіншіден, ХХІ ғасырда жаһандану дәуірі отбасы мен бақытты неке құндылықтарын прогрестің маңызды шарттары етеді. Оны қазіргі заманғы әлемнің барлық табысты елдерінің тәжірибелері айғақтайды», - дейді Мемлекет басшысы. Елбасының сөйлеген сөзі «Отбасының бірлігі - Отанның бірлігі» деген тақырыппен берілді.

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында ҚР Мәдениет және спорт министрі Тастанбек Есентаевтың «Ел спортының ертеңі ересен» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарияланды. Мақалада автор үстіміздегі жылдың 16-28 тамыз аралығында Қытайдың Нанкин қаласында өткен ІІ жазғы Жасөспірімдер Олимпиадасындағы спортшыларымыздың жетістіктерін айта келе кеткен кемшіліктерді де нақты көрсеткен. «Енді Олимпиадалық ойында сынды ірі жарыстарға спортшыларды функционалдық тұрғыдан дайындау барысында заманауи спорттық медицина мен ғылымға баса мән беруіміз керек. Өйткені, қазіргі замандағы спортты медициналық ғылымсыз көз алдыңа елестету тіпті де мүмкін емес. Жауапты жарыстарға дайындық барысында заманауи медициналық-биологиялық тәсілдерді және фармакологиялық препараттарды қолдану бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру сынды қадау-қадау міндеттер тұр алдымызда. Асылы, бұл бағытта бүгінгі күндері нақты шаруалардың қолға алына бастауы тиіс. Атап айтқанда, ғылыми тұрғыдағы оқыту-әдістемелік орталық құрылып, оның игілігін спортшыларымыз жақын арада көретін болады», - деді ол.

***

"Айқын" газетінің жазуынша, Ақтөбе шаруалары биыл тағы қуаңшылықтың зардабын тартып отыр. Барлығы 309 мың гектардың 138 мыңы жарамсыз күйге түсіп, дән сеуіп, алдан үміт күткен диқандардың еңбегі еш кеткен. Егінді алқаптың үштен бір бөлігіне биыл орақ түспеді. Қазір облыс шаруалары орташа есеппен гектарынан 4,5 центнерден астық жинауды аяқтап қалды. Бірер күннен соң Хромтау, Әйтеке би, Қарғалы, Алға аудандарындағы жұмыс тәмамдалады. «Биыл қыс қатты, қарлы болғанымен өңірде жыл өткен сайын астықтың түсімі азайып келеді. Өткен жылы гектарынан 5 центнер жиналса, биыл 4,5 центнер алынды. Қазір 288 мың гектар дәнді дақыл қамбаға құйылып, жұмыстың 93 пайызы өтелген екен», - делінген «Егіннің 31 пайызы күйіп кетті» деген тақырыптағы ақпаратта.