Отбасының цифрлық картасы: 700-ден астам атыраулыққа әлеуметтік төлемдер рәсімделді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Отбасының цифрлық картасы» пилоттық жобасымен 700-ден астам атыраулыққа әлеуметтік төлемдер рәсімделді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отбасының цифрлық картасы: 700-ден астам атыраулыққа әлеуметтік төлемдер рәсімделді

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің мәліметінше, «Отбасының цифрлық картасы» жобасы іске асырылып жатыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Атырау облысында 1 қыркүйекте «Отбасының цифрлық картасы» жобасы пилоттық режимде қолданысқа енгізілді. Бұл картаның тиімділігі жоғары екені байқалып отыр. Өйткені, отбасының цифрлық картасы – азаматтарға әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдауды алу құқықтары туралы ақпарат беретін электрондық жаршы. Осы жоба арқылы қыркүйек айынан бері 1 540 адамға sms-хабарлама жіберілді. Содан кейін 700-ден астам адамға жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер рәсімделді», - деді Азамат Мәмбетов.

Оның айтуынша, «Отбасының цифрлық картасы» жобасына облыстағы барлық отбасы мен мүшелері туралы деректер енгізілген. Бұл деректер отбасы мен мүшелері мәртебесінің өзгеруіне байланысты жаңартылады.

«Егер мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда, қызмет көрсетуге келісім алу үшін қызмет алушыға sms-хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін автоматты түрде қызмет алушыдан өтініш тіркеледі. Соның нәтижесінде жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, кейін алушының есеп шотына аударылады», - деп мәлім етті Азамат Мәмбетов.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында «Отбасының цифрлық картасы» пилоттық жобасы іске қосылғанын жазған едік.