Отгонцэцэг Галбадрах Гран-при турнирінде күміс жүлдегер атанды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Отгонцэцэг Галбадрах Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан Гран-при турнирінің күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отгонцэцэг Галбадрах Гран-при турнирінде күміс жүлдегер атанды

Қазақстандық спортшы 48 кг салмақта финалда косоволық Дистрия Красникимен татамиге шықты. Косоволыққа қарағанда, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлемдік додаларда талай рет топ жарған О.Галбадрахтың атақ-даңқы әлдеқайда жоғары еді.

Бұдан төрт жыл бұрын қарсыластар бір рет кездесіп, онда Красники жеңген екен. Қарсыластардың бір-бірін жақсы білетіні тартысты белдесу барысында көрінді. Жекпе-жек бітуге санаулы секундтар қалғанда, Галбадрах алға ұмтылып, Дистрияның әдісіне түсіп қалды. Сөйтіп Дистрия Красники таза жеңіп кетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елдос Сметов бастаған дзюдошылардың Гран-при турниріне қатысатынын, Отгонцэцэг Галбадрахтың финалға жолдама алғанын жазған болатынбыз.