Отырар ауданында жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жұмыстар күшейтіледі
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының ашық диалог аланыңда облыс тұрғындармен кездесуі жалғасып жатыр. Онда өңір мәселелері тұрғындармен бірге көтеріліп, шешу жолдары қарастырылуда.
Түркістан облысы әкімінің кезекті халықпен кездесуі Отырар ауданында өтті. Кездесу барысында облысты дамыту бағытында атқарылған жұмыстар баяндалып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берілді. Мәселелер ашық айтылып, өткір сұрақтар қойылды.
«Мемлекет басшысы жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Оның бастысы — инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында су үнемдейтін технологияларды кеңінен пайдалану. Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында „Ауыл — Ел бесігі“ жобасы аясында Отырар ауданында өткен жылы 10 елді мекенде 15 жобаны іске асыруға 1,1 млрд теңге бөлінді. Атап айтқанда, аудандағы Арыс, Шойманов, Көкмардан, Шытты елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Ақтөбе, Шойманов елді мекендерінде мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары басталып, биыл пайдалануға тапсырылады. Сонымен қатар 8 елді мекендегі 19,3 шақырымды құрайтын 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 8 елді мекенде 9 жоба іске асырылады. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру, әл-ауқатын жақсарту мақсатында 2023 жылы „Ауыл аманаты“ бағдарламасымен 770 млн теңгеге 139 жоба қаржыландырылды. Бұның көбі бюджет есебінен жүргізіліп жатқан жұмыстар. Ауданның өзіндік кірісін көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында істі ширатқан жөн. Биыл алты айда ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция тарту бойынша индикаторлар төмен деңгейде орындалуда. Жұмысты күшейту керек. Ауыл инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар тоқтамайды», — деген Дархан Амангелдіұлы ауданға инвестиция тарту бағытындағы өзекті сұрақтарға да жауап берді.
Су үнемдеу технологиясын енгізу, мақта кластерін дамыту маңызды екенін, бірнеше мың тұрғын жұмыспен қамтылатынын атап өтті.

Жиында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайдың аудан көлемінде атқарылған жұмыстар туралы баяндамасы тыңдалды.
Ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 60 пайызға өсіп, 2023 жылы 80 млрд теңгеге жетті. 2023 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 34 млрд теңгеден асып, жоспар 5,7 млрд теңгеге артығымен орындалды. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі өткен жылы 41 млрд теңгені құрап, жоспар 1,7 млрд теңгеге артығымен орындалды.

Кездесуде тұрғындар көкейдегі сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Инфрақұрылым, жер, жайылым, газдандыру, ағын су және өзге де мәселелер көтерілді. Әрбір көтерілген мәселе хаттамаға енгізіліп, заң шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Кездесуден кейін Дархан Сатыбалды азаматтарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, жерді заңдастыру, білім саласы.денсаулық сақтау және басқа да түйткілдер тарқатылды. Қозғалған мәселелер бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүреді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданына жұмыс сапары барысында әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс барысын пысықтады.
Алдымен, өңір басшысы Шәуілдір ауылында бой көтеріп жатқан 600 орындық жайлы мектептің құрылыс алаңында болды. Құрылыс компаниясының басшысымен кездесіп, жұмыс барысын бақылады.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы тікелей Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Құрылыс сапасы белгіленген стандартқа сай болуы тиіс. Біз тек жоспарланған мерзімде сапалы жұмыс істеуді талап етеміз. Кедергілер болса, дер кезінде айтыңыздар. Әкімдік тарапынан көмек көрсетіледі. «Жайлы мектеп» жобасы арқылы салынып жатқан мектептердің құрылыс үлгісін өзге білім ұяларына да қолдануды қарастыру қажет», — деді Дархан Амангелдіұлы.
«Samruk-kazyna Construction» АҚ тапсырысымен салынып жатқан заманауи үлгідегі ғимаратта оқушылардың сапалы білім алуы үшін қолайлы жағдай қарастырылады. Жоба құны — 5,5 млрд теңге. «Inteqra Construction» ЖШС құрылыс жұмыстарын өткен жылдың маусым айында бастаған. Нысанды осы жылдың қараша айына дейін пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар ауданда «Отырар ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-ның тапсырысымен ауданға қарасты М.Шойманов ауылында 200 орындық мәдениет үйі құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс барысын бақылаған облыс әкімі жауапты тұлғаларға жұмыс барысында туындаған мәселелерді назарға алуды тапсырды.
Өткен жылдың тамыз айында құрылысы басталған ғимаратты биыл тамыз айында ел игілігіне пайдалануға беру көзделіп отыр. Жалпы алаңы — 858,4 шаршы метр. Құрылыс жұмыстарын «КДСМ» ЖШС атқаруда.
Өңірде салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс сапасы тікелей өңір басшысының бақылауында тұр. Оның ішінде Отырар ауданының инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасады.