Отырарда зиянды қалдық жерге төгілген, компания жауапқа тартылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысы Отырар ауданындағы өндіріс ошағындағы жердің күкірт қышқылымен ластанғаны анықталды. Бұл туралы қоғам белсендісі Дәурен Ақсақалов әлеуметтік желіде жазба жариялап, дабыл қақты.
«Зиянды қалдықтарды бейберекет төгу, топырақ астына көме салу бұл Отырар ауданы халқына қасақана жасалып жатқан биологиялық шабуыл деп білеміз. Бейнематериалда төгілген қалдықты ішкен жануардың өлгені, оны сүйреп алысқа тастағаны туралы айғақтар анық көрсетілген. Қаншама шаруа осы жерден су ішіп өлген малын іздеп, қасқыр мен ұрыдан көріп шарасыз қалған шығар. Малдың өзі ішіп сеспей қатып жатқан бұл қалдықтардың адам денсаулығына орасан залал келтірері, ауру тудырары анық емес пе?» - деп жазды әлеуметтік желіде Дәурен Ақсақалов.
Аталған жағдай бойынша Түркістан облысы бойынша экология департаментінің тарапынан «Заречное» БК АҚ-ның қызметіне қатысты тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде «Заречное» БК АҚ-на тиесілі өндірістік аумақта жердің күкірт қышқылымен ластанғаны анықталды.
«ҚР Экология Кодексінің 238-бабы талаптарының сақталмауына жол бергені бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің (бұдан әрі -ӘҚБтК) 337 бабның 4 тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, ластанған жерлерді толықтай тазалау, қалпына келтіруге бағытталған ремедиация бағдарламасын әзірлеп, департаментпен бекіту туралы нұсқама берілді. Одан бөлек, ӘҚБтК-нің 337 бабы 4 тармағына сәйкес толтырылған әкімшілік хаттама ҚР Қылмыстық Кодексінің 332 бабына сәйкес жерді экологиялық залал келтіруге алып келген қауіпті химиялық заттармен ластаудың қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттері бар-жоғын анықтау мақсатында, жоғарыда аталған тұлғаға қатысты іс-құжаттары Отырар аудандық полиция бөліміне жолданды»- делінген Түркістан облысы бойынша экология департаменті ұсынған ақпаратта.
ҚР Экология кодексінің 344-бабының 2-тармағына сәйкес қауіпті қалдықтарды жинақтауға немесе көмуге бөлінген аумақта оларды басқаруға байланысты емес қызметтің басқа да түрлерін жүзеге асыруға тыйым салынады делінген. Тексеру жұмыстарының барысында «Заречное» БК АҚ-мына тиесілі өндірістік аумақта қышқылданған қауіпті қалдықтарды, осы кодексінің 335 бабымен қарастырылған қалдықтарды басқару бағдарламасының талаптарына сәйкес орындамай, бөлінген аумақтан тыс жерде қалдықтарды жинап қойғаны анықталған. Осыған орай «Заречное» БК АҚ-ға ӘҚБтК-тің 344-бабы 4-тармағы бойынша, яғни қалдықтарды басқару бағдарламасы талаптарының орындамағаны бойынша әкімшілік шара қолданылды.
«ҚР Экология кодексінің 211-бабына сәйкес І және ІІ санаттағы объектілерде авариялық жағдай туындап, соның салдарынан белгіленген экологиялық нормативтертің бұзылуы орын алған немесе орын алуы мүмкін болған кезде объектінің операторы кейінге қалдырмай, авариялық жағдай анықталған кезден бастап екі сағаттан аспайтын мерзімде бұл туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға хабарлауға міндетті. Алайда «Заречное» БК АҚ тарапынан күкірт қышқылы тасымалданатын құбырлардың жарылу салдарынан жердің ластануы жайлы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға хабарлама жолданбаған. Осыған орай «Заречное» БК АҚ әкімшілік жауапкершілікке тартылды» - деп толықтырды департамент.
Аталған жағдай бойынша «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Түркістан облысының Отырар ауданында орналасқан «ЗАРЕЧНОЕ» БК» АҚ еншілес кәсіпорнының кенішіне баспасөз турын ұйымдастырды. Іс-шараны өткізуге әлеуметтік желілерде таратылған бейнематериалдар себеп болған.
«Өз қызметінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ететін кәсіпорын қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғаудың жоғары стандарттарын сақтай отырып, уран өндіреді. Заңнама талаптарына сәйкес, кен орнындағы жұмыстар аяқталғаннан кейін учаске мемлекетке бастапқы түрінде қайтарылады, оны арнайы комиссия растайды. Бұдан басқа, заңнаманың талабы бойынша Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарында тарату қорлары құрылған, онда жұмыстар аяқталғаннан кейін аумақты қалпына келтіру және толық қалпына келтіру үшін қаржы жинақталады», - деді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өндірістік қауіпсіздік департаментінің директоры Манас Ысқақов.
Сондай-ақ, ол бүкіл кәсіпорындарда ішкі қызметтік терсеру тағайындалғанын жеткізді. Соның нәтижесінде уран өндіруші компания нақты шара қабылдайтын болады.