Өткен 20 жыл ішінде кәсіби Парламент 2 мыңнан астам заң қабылдады - Қ. Тоқаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен 20 жыл ішінде кәсіби Парламент 2 мыңнан астам заң қабылдады. Бүгін Сенаттың жалпы отырысын ашқан Палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді.
«Осыдан 20 жыл бұрын, 1996 жылдың 30 қаңтарында Елбасы Н. Назарбаев тұңғыш кәсіби Парламенттің сессиясын ашқан болатын. Осы уақыт ішінде Парламент заң шығарушы жоғары өкілді орган ретінде толық қалыптасып, мемлекеттік билік жүйесінде өзінің лайықты орнын иеленді. Парламентшілер ел тәуелсіздігін нығайту жолында орасан зор жұмыстар атқарып, Президент реформасын табысты жүргізуге белсене қатысып келеді», - деді спикер Қ. Тоқаев.
Оның айтуынша, осы жылдар кезеңінде еліміздің берік ұлттық негізі қаланған. Әлеуметтік экономикалық өрлеуді қамтамасыз етуге бағытталған екі мыңнан астам заң қабылданған.
«Біз Қазақстан қоғамы үшін айрықша маңызды тарихи белес - ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында мемлекетімізді нығайту жолындағы жасампаз істерге барынша ден қоюымыз қажет. Сапалық жағынан мүлдем жаңа, күн сайын өзгеріп отырған экономикалық жағдайда Елбасы ұсынған ауқымды жаңғырту шараларын жүзеге асыру бүгінгі күннің аса маңызды міндеті», - деді Қ. Тоқаев.