Өткен 4 айда мемлекеттік сатып алу бойынша 116 млрд. теңгеге қатысты заң талаптарының бұзылуы жойылды - Б. Сұлтанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 4 айы ішінде 116 млрд. теңге сомасындағы мемлекеттік сатып алу бойынша бұзушылықтар жойылды. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебі бойынша баяндаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлімдеді.
«Былтырғы бюджет бойынша кіріс бөлігі нақтыланған жоспармен салыстырғанда 105,7 пайызға орындалды. Біз салықтық резервтер, көрсетілетін қызметтер мен тексерулердің сапасын арттыру, кірістерді болжауды жетілдіру мен жалған кәсіпкерліктің алдын алу бойынша жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Ал шығыстар 99,8 пайызға орындалды. 2015 жылы 7 триллиондық бюджеттен 16 млрд. теңге ғана орындалмады, оның ішінде игерілмей қалғаны тек 7,8 млрд. теңге. Бұл жоғары деңгейіндегі нәтиже деуге болады және бірлескен еңбектің қортындысы», - деді Қаржы министрі.
Оның айтуынша, шығыстардың мұндай рекордтық жоғары игерілуіне қарамастан тиімсіз атқарылу фактілері де сақталып отыр. Есеп комитетінің деректері бойынша олар 459 млрд.теңгені құрайды.
«Жалпы, мемлекеттік аудитке көшу, мемлекеттік сатып алудың жоспарлауы және мониторингілеу жаңа тәсілдерін енгізу, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарындағы сомалар қалдықтарының азайту және басқада шараларды қолдану тиімсіз шығыстардың көлемін төмендетуге әсер етеді деп ойлаймыз. Жалпы, қаржы бұзушылықтар цифрлары бойынша көптеген сұрақтар болды. Ағымдағы жылы Қаржылық бақылау комитеті Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне қайта құрылған болатын. Енді Комитеттің функциялары алдын алуға бағытталатын болады. Осы жумыстың нәтежесінде ағымдағы жылдың 4 айы ішінде 116 млрд. теңге сомасындағы мемлекеттік сатып алу бойынша заң талаптарының бұзуы жойылды»,- деді министр Б. Сұлтанов.