Өткен алты айда 500-ден астам адам алаяқтық бойынша сотты болды

Бұл туралы бүгін ҚР Жоғарғы Сотының ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылауға арналған брифинг барысында ресми өкіл Оксана Петерс мәлім етті.
Ресми өкілдің айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 177-бабы, яғни алаяқтық бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар саны былтырғыға қарағанда біршама төмендеген. «Статистикалық деректерге сәйкес, 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында алаяқтық бабы бойынша 509 тұлға сотты болды. Ал өткен жылы дәл осы кезеңде тура осындай баппен сотталғандар саны 793 адамды құраған еді. Сондықтан да, есепті кезеңде аталмыш бап бойынша сотталғандар саны 284 тұлғаға аз болып табылады», - дейді О. Петерс.
Оның айтуынша, алаяқтық бойынша сотталғандар аз болғанымен, олар келтірген шығын миллиондап саналады. «Мысал ретінде айтар болсақ, Қарағанды облысының бір азаматшасы бір жыл бойы алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы 19 млн. теңге болатын бөтеннің мүлкін ұрлаған. Ол әртүрлі сылтаумен құрбыларын алдап, солардың аттарына банктен несие алуға көндірген», - дейді ресми өкіл.