Өткен аптада азық-түлік бағасында қандай өзгерістер орын алды?

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың 17-24 ақпаны аралығында «Қазагромаркетинг» АҚ-ның ел аймақтары бойынша азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізген.

Өткен аптада азық-түлік бағасында қандай өзгерістер орын алды?

«Жеміс-көкөніс өнімдері арасында келесі өзгерістер байқалды: Шымкентте жүзім бағасы 11%-ға, 450-ден 500 теңге/кг-ға дейін, Ақтауда 11%-ға, 540-тан 600 теңге/кг-ға дейін, Астанада 10%-ға, 831-ден 911 теңге/кг-ға дейін қымбаттады.

Атырауда қияр 14%-ға, 380-нен 435 теңге/кг-ға дейін, Өскеменде 14%-ға, 502-ден 573 теңге/кг-ға дейін жоғарыласа, Астанада тәтті бұрыш бағасы 14%-ға, 689-дан 788 теңге/кг-ға дейін көтерілген», - делінген хабарламада.

Өнімнің қымбаттауына әкелінетін өнім мөлшерінің азаюы мен көтерме сауда бағаларының ұлғаюы әсер еткен.

«Мандариндер Алматыда 22%-ға, 344-тен 270 теңге/кг-ға дейін және Атырауда 14%-ға, 416-дан 359 теңге/кг-ға дейін арзандады. Өнім бағасының төмендеуіне саудада арзанырақ пәкістандық мандариндер мөлшерінің артуы себеп болды. Сатушылардың көтерме сауда бағасын 12%-ға, 425-тен 375 теңге/кг-ға арзандатуына байланысты Астанада шортан бағасы 10%-ға, 500-ден 450 теңге/кг-ға дейін төмендеді», - деп жазады компанияның баспасөз қызметі.

Өзге азық-түлік өнімдерінің бағасы айтарлықтай (10%-дан артық) өзгерген жоқ. «Қазагромаркетинг» АҚ апта сайын әр сейсенбі күні азық-түлік өнімдерінің 66 түрі бойынша еліміздің барлық облыс орталықтары мен Астана, Алматы қалаларында баға мониторингін өткізеді.

Естеріңізге салар болсақ, компания баға мониторингін 2003 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. 2008 жылдан бастап бұл жұмыс «Облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында негізгі азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізу әдістемесіне» сәйкес жүзеге асырылуда. Бұл әдістеме ҚР Индустрия және сауда министрлігі мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірлескен бұйрығымен бекітіліп, ҚР Статистика жөніндегі агенттігімен мақұлданған.