Өткен аптада болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өтіп бара жатқан аптаның ішінде еліміздің орталық және жергілікті атқару органдарында көптеген кадрлық ауыс-түйіс болды. ҚазАқпарат агенттігі 16-22 қаңтар күндері болған тағайындауларға шолу ұсынады.
None

Апта басында ҚР Бас прокуратурасында Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің бастығы лауазымына Нұрдәулет Мықтыбекұлы Сүйіндіков тағайындалды.

Нұрдәулет Сүйіндіков еңбек жолын 2000 жылы Шымкент қаласы прокуратурасының құқықтық статистика және ақпарат жөніндегі маманы қызметінен бастады. Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы прокурорының аға көмекшісі, Шымкент қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры, бөлім бастығы қызметтерін атқарды.

2005-2010 жылдары Бас прокуратураның Әлеуметтік-экономикалық саладағы қадағалау департаменті бөлімнің аға прокуроры, бөлім бастығы, басқарма бастығы, Департамент басшысының орынбасары, Бас прокурордың ерекше тапсырмалар бойынша аға көмекшісі - Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінің хатшысы лауазымдарында жұмыс істеді.

Астана қаласының «Сарыарқа» ауданының прокуратурасын басқарды, Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары болды. 2018 жылдан бастап коммерциялық құрылымдарда басшылық лауазымдарда, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2022 жылдың маусымынан бастап қазіргі уақытқа дейін Бас прокуратураның Стратегиялық дамыту департаментінің бастығы қызметін атқарды.

Сонымен қатар Стратегиялық дамыту департаментінің бастығы болып Әлжан Әбдірахманұлы Нұрбеков тағайындалды.

Әлжан Нұрбеков прокуратура органдарындағы қызметін 2000 жылы Шымкент қаласы прокуратурасында бөлім прокуроры қызметінен бастады. Астана прокуратурасы бөлімінің прокуроры, Астана қаласы прокуратурасының «Сарыарқа» ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы, Бас прокуратураның Халықаралық ынтымақтастық департаментінің басқарма прокуроры, аға прокуроры және бастығы лауазымдарын атқарды. 2011 жылы Бас прокуратураның Халықаралық ынтымақтастық департаменті бастығының орынбасары болып тағайындалды. 2017 жылдан бастап осы уақытқа дейін Бас Прокурордың ерекше тапсырмалар бойынша аға көмекшісі қызметін атқарды.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары болып Жомарт Момышев тағайындалды.

Жомарт Момышев 1971 жылы 10 қарашада Ақмола облысында дүниеге келді. 1997 жылы Қазақ политехникалық университетін «Автомобильдер және автомобиль шаруашылығы» мамандығы бойынша бітірген. 2004 жылы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтады.

Ол 1993 – 1994 жылдары Жамбыл қаласындағы «Автомотосервис және сауда» диспетчері, 1994 – 1995 жылдары «Автомотосервис және сауда» экспедиторы, 1995 – 1997 жылдары «Қамқор» АҚ Өндіріс шебері, 1997 – 2001 жылдары «Интерсистема» ЖШС Экономикалық мәселелер жөніндегі директоры, 2002 жылы Жамбыл облысы әкімі жанындағы жергілікті бюджеттерге алымдар мен жекелеген салық төлемдерін өндіріп алу жөніндегі агенттіктің мүлік, көлік құралдары және жер салығы салықтарын жинау бөлімінің бас маманының міндетін атқарушы болған.

Ал 2002 – 2003 жылдары Жамбыл облысы әкімі жанындағы жергілікті бюджеттерге алымдар мен жекелеген салық төлемдерін өндіріп алу жөніндегі агенттіктің мүлік, көлік құралдары және жер салығы салықтарын жинау бөлімінің бас маманы, 2003 – 2004 жылдары Жамбыл облысы Жуалы ауданы жанындағы жергілікті бюджеттерге алымдар мен жекелеген салық төлемдерін өндіріп алу жөніндегі агенттіктің мүлік, көлік құралдары және жер салығы салықтарын жинау бөлімінің директор - бастығы, 2004 – 2006 жылдары «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» ААҚ Жамбыл филиалы стандарттау және ақпарат бөлімінің бастығы, 2006 – 2018 жылдары «НайЭкс» АҚ Жамбыл филиалының директоры болған.

2021 жылы Ж. Момышев «Казақстан стандарттау және метрология институты» ШЖҚ РМК Жамбыл облысының директоры болған. 2022-2023 жылдары ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті Жамбыл облысының сауда департаментінің басшысы болған.

Өңірлерге ойыссақ, Ақмола облысы әкімінің өкімімен Алмас Аянұлы Алин Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Алмас Алин 1977 жылы туған. 1999 жылы Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Көркем еңбек мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. 2008 жылы «Болашақ» Қарағанды университеті жеке мекемесінен «экономика» мамандығы бойынша білім алып шығады.

Еңбек жолын Сәтбаев қаласы орта мектебінің мұғалімі лауазымынан бастаған. Бірнеше жылдар бойы түрлі басқарушылық қызметтерде еңбек етті. Бұл тағайындауға дейін Алмаз Аянұлы Ақмола облысы Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.

Алматы облысы әкімінің өкімімен Таңат Есенкелдіұлы Айдарбеков Талғар ауданның әкімі болып тағайындалды.

Таңат Айдареков 1971 жылы туған. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін «экономист-бухгалтер» және 2017 жылы Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университетін «құқық бакалавры» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1996 жылы «Қуаныш» акционерлік қоғамының есепшісі болып бастаған. Әр жылдары Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімі аппаратының экономика бөлімінің бас маманы, Түрксіб ауданы әкімі аппаратының бөлімі басшысы, Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары, Бостандық ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысы Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысы бойынша Қазынашылық департаментінің басшысы лауазымдарын атқарған. 2021 жылдың маусым айынан Алматы қаласы бойынша Қазынашылық департаментінің басшысы болып еңбек етті.

Батыс Қазақстан облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып Мирас Рүстемұлы Мүлкәй тағайындалды.

Мирас Мүлкәй 1989 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін қаржы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін құрылысшы мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2011 жылы Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің статисі болып бастады. Әр жылдары Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі абаттандыру секторының бас маманы, сектор меңгерушісі, Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары, Орал қаласы құрылыс бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді. 2019 жылдан күні бүгінге дейін Орал қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Жетісу облысының Қаратал ауданына жаңа әкім болып Ұлан Әлдибекұлы Досымбеков тағайындалды.

Ұлан Досымбеков 1984 жылдың 8 маусымында Алматы қаласында дүниеге келген. 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «заңгер», 2010 жылы Ө. Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын «есеп және аудит», 2013 жылы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша аяқтаған. Экономика және бизнес магистрі.

Ол 2008 жылы тамыз айынан қыркүйекке дейін Алматы қаласының №2458 басқармасының заңгер- кеңесшісі болған. 2010-2012 жылдары – Көксу аудандық мәслихаты аппаратының бас маманы, 2012-2014 жылдары – Көксу ауданының Алғабас ауылдық округінің әкімі; 2014-2022 жылдары – Көксу ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары болған. 2022 жылдың шілде айынан осы тағайындауға дейін Қаратал ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

ҚР Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Қарағанды әкімі болып Мейрам Мұратұлы Кожухов тағайындалды.

Мейрам Кожухов 1972 жылы дүниеге келген. 2001 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Саран мәдениет, жастар саясаты, спорт және туризм бөлімінің бас маманы болды. Ақтас кентінің әкімі, Саран қаласы әкімінің орынбасары, Қарағанды қаласы Октябрь ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2022 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Қарағанды әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Қарағанды облысы Абай ауданының әкімі болып Сәбит Тімішұлы Оспанов тағайындалды. Ол осы тағайындауға дейін Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметін атқарған.

Сәбит Оспанов 1969 жылы туған. 2000 жылғы сәуірден бастап мемлекеттік қызметте еңбек етіп келеді. Ол облыстың Бұқар Жырау ауданында түрлі лауазымдарды атқарды: Ульянов кенттік округі әкімінің орынбасары, кәсіпкерлік бөлімінің бастығы, Ботақара кентінің әкімі болды. Содан кейін Абай қаласының әкімі, Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айында Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал 2022 жылдың сәуірінен бастап осы уақытқа дейін Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болған.

Сонымен бірге, Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында әкім ауысты. ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша бұл лауазымға Руслан Айтыкенұлы Кенжебеков тағайындалды.

Руслан Кенжебеков – Ақтоғай ауданы Қызыларай ауылының тумасы. 1978 жылы туған. 2002 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Әр жылдары Абай ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің спорт бойынша бас маманы, Қарағанды облысы Әділет департаментінің ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің бастығы, Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі комитеті Ішкі әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы, Теміртау қаласы Әділет басқармасы бастығының орынбасары, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестік пен құқық қорғау департаментінің басшысы қызметтерін атқарды.

Оған қоса, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Алматы облысы бойынша тұтынушылары, ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің Қарағанды облысы бойынша монополияға қарсы инспекциясының басшысы, Ұлттық экономика министрлігінің Адами ресурстармен жұмыс департаментінің директоры, ҚР премьер-министрі кеңсесінде бас кеңесші болған, Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі болды. Өткен жылдың тамыз айынан бастап осы уақытқа дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің кеңесшісі болды.

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының әкімі болып Шапағат Әубәкір тағайындалды.

Шапағат Әубәкір 1983 жылы туған. 2006 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жүр. Ол Сәтбаев қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы, Сәтбаев қаласының экономика және қаржы бөлімі бюджеттік жоспарлау секторының меңгерушісі және басшысы қызметін атқарған. Ал 2021 жылдың қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.

Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы болып Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы тағайындалды.

А. Есмаханов 1982 жылы дүниеге келген. Ол Қызылорда гуманитарлық университетін «Қаржы және несие», Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетін «Заңтану» мамандықтары бойынша бітірген. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Саясаттану» магистрі.

Еңбек жолын 2006 жылы Қызылорда қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің маманы ретінде бастаған. 2006-2012 жылдары жергілікті атқарушы органдарда түрлі деңгейде жауапты қызметтерде болған. 2012-2015 жылдары Қызылорда қаласы Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі, Қызылорда облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің басшысы болды. 2015-2018, 2020-2022 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2018-2020 жылдары Қызылорда қаласы әкімі аппаратының, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм, ішкі саясат бөлімдерінің басшысы болды. 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып келеді.

Оған қоса, Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы қызметіне Мира Жомартқызы Қазбекова тағайындалды.

М. Қазбекова 1984 жылы дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Экономика» және «Болашақ» университетін «Заңтану» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2005 жылы Мемлекеттік қызметшілерді және бюджеттік сала қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығының баспасөз клубының маманы ретінде бастаған. 2006-2011 жылдары Қызылорда қаласы және Қызылорда облысы әкімі аппараттарында түрлі деңгейде жауапты қызметтерде болған. 2011-2017 жылдары Қызылорда облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2017-2020 жылдары Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы және Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болды. 2020 жылдың мамыр айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы тағайындалды. Бұл қызметке Айбек Егембергенов келді.

А. Егембергенов 1987 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. 2007 жылы Мемлекеттік Кентау көпсалалы колледжін есептеу техникалары мен автоматтандырылған жүйелерді бағдарламамен қамтамасыз ету, 2012 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын құқық және экономика негіздері мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2008 жылы Түркістан облысының психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің хатшысы ретінде бастаған. 2009-2019 жылдары «Яссы» колледжінің информатика пәнінің мұғалімі, «Нұрлы Қалқан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инженер программисі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бас маманы болды. 2019 жылдан бастап Табиғи монополияларды реттеу комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы, департамент басшысының орынбасары қызметтерін атқарып келді.

Қызылорда облысы бақылау жөніндегі басқармасының басшысы қызметіне Қалиев Ғанижан Піртазаұлы тағайындалды.

Ғ.Қалиев 1970 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын «Экономист» және Қазтұтынуодағының Қарағанды экономика университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын Қызылорда қалалық қаржы бөлімінің бақылаушы-ревизоры ретінде бастаған. 1992-2010 жылдары Қаржы министрлігіне қарасты комитеттерінде бас бақылаушы-тексеруші, бөлім бастығы, Әділет министрлігінің Қаржы департаменті директорының орынбасары, Орталық сайлау комиссиясының қаржы-бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ал 2010-2019 жылдары Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстары бойынша департаментінің басшысы болды. 2019 жылдан осы кезге дейін Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымын атқарды.

Сонымен бірге, Қызылорда облысы Қармақшы ауданының әкімі болып Жандос Еркінбек тағайындалды.

Жандос Еркінбекұлы 1983 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Ол 2004 жылы Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институтын «бөлімшелердің қызметтік-жауынгерлік іс-қимылын басқару», 2008 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы әскери қызметтен бастап, 2013 жылға дейін түрлі әскери лауазымдарда еңбек еткен. 2013-2018 жылдары бірқатар компанияларда түрлі деңгейдегі жауапты басшылық қызметтерде болған. 2019-2021 жылдары Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының бөлім басшысы, 2021-2022 жылдары Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2022 жылдың мамыр айынан бастап Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымында еңбек еткен.

Павлодар облысы әкімінің жаңа орынбасары қызметіне Серік Батырғожинов тағайындалды. Ол өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және инвестициялар, жер қатынастары, жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны қорғау, ветеринария және туризм салаларына жетекшілік етпек.

Серік Батырғожинов 1964 жылы Ертіс ауданында дүниеге келген. 1990 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын «Агрономия» мамандығы бойынша, ал 2004 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1985 жылы Ертіс ауданының «Голубовский» совхозында жұмысшы болып бастаған. Жоғары білім алған соң, 1990 жылы совхоздың бас агрономы болды. 1993-1999 жылдары Павлодар қаласындағы «Себат» ЖШС директоры болып жұмыс істеді, «Беловодское АҚБ» АҚ, «Иса Байзақов атындағы» және Ертіс ауданының «Алтыншы ауыл» ЖШС АС басқарды. 1999 жылы мемлекеттік қызметке ауысып, Качир ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан 2003 жылдың желтоқсанына дейін Қашыр ауданын басқарды.

2004 жылдың қаңтарынан 2011 жылға дейін Ертіс ауданының «Аманкөл» ШҚ басшысының кеңесшісі қызметін атқарды. 2011-2013 жылдары Ертіс ауданындағы «Нұрби» ЖШС директоры болды. 2013 жылдың қыркүйегінде Ертіс ауданы әкімінің орынбасары болып мемлекеттік қызметке оралды.

2014-2016 жылдары - Ақтоғай ауданының әкімі, 2016-2019 жылдары-Ертіс ауданының әкімі болып қызмет етті. 2019 жылы «Стальмонтаж» ЖШС Бас директорының орынбасары болып жұмыс істеді. 2020 жылы Павлодар облысының Ауыл шаруашылығы басқармасын басқарды, 2021 жылы Тереңкөл ауданының әкімі болып тағайындалды. 2022 жылдың қаңтар айынан бастап осы тағайындауға дейін Баянауыл ауданының әкімі қызметін атқарды.

Облыстағы Павлодар ауданының жаңа әкімі болып Николай Дычко тағайындалды.

Николай Дычко 1965 жылы Көкшетау облысында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік ашық университетін «Тау - кен өнеркәсібі және геологиялық барлау салаларындағы экономика және басқару» мамандығы бойынша, 2000 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтын «Электрмен жабдықтау және электрлендіру» мамандығы бойынша бітірген.

Ол еңбек жолын 1984 жылы «Екібастұзкөмір» ӨБ учаскесі экскаватор машинисінің көмекшісі болып бастаған. Бұдан кейін «Екібастұзкөмір» ӨБ бойынша «Северный» кенішінің электр механигі, «Северный» кеніші» ЖШС энергия механикалық қызметінің бас энергетигі, «Богатырь Аксес Көмір» ЖШС БЭЖ филиалының энергетикалық қызметінің бас энергетигі, «Ионтаждау-реттеу басқармасы» ЖШС директоры болып жұмыс істеді.

2006 жылдан 2018 жылға дейін Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары, Павлодар облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы, Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Ақсу қаласы әкімінің орынбасары, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.

Сонымен бірге Павлодар облысы Успенка ауданының әкімі болып Нұрболат Мақашев тағайындалды.

Нұрболат Мақашев 1982 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 2003 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде «инженер-сарапшы» біліктілігін алды. 2010 жылы «Тұран-Астана» университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, ал 2016 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша «Шпайер» Неміс Әкімшілік басқару университетінің магистратурасын бітіріп, мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алды.

Ол 2007-2008 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінде жұмыс істеді. 2008 жылдан 2018 жылға дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде түрлі лауазымдарда қызмет етті. Қайта өңдеу және агро азық-түлік нарықтары департаментінің сарапшысынан стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасарына дейінгі қызмет сатыларынан өтті.

2018 жылы Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, кейін басшысы болып тағайындалды. 2019-2021 жылдары Тереңкөл ауданы әкімінің орынбасары болды. Ал 2021 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Осы аптада Түркістан облысы әкімінің орынбасары болып Көшеров Нұралхан Оралбайұлы тағайындалды.

Нұралхан Көшеров 1984 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік-Қазақстан Мемлекеттік университеті, Қазақ Гуманитарлық заң университеті, Мәскеудегі Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясы жоғары білім беретін мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесінде білім алған.

Еңбек жолын 2008 жылы ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының көмекшісі болып бастады. 2009-2011 жылдары Қаржы министрлігінің Салық комитетінде талдаушы, Астана қаласы Салық департаментінің Алмалы ауданы бойынша салық басқармасының заңды тұлғалардың салық аудиті бөлімінің бас маманы болып еңбек етті.

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары болып Қуаныш Жұмабекұлы Асылов тағайындалды. Бұған дейін ол ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған.

Қуаныш Асылов 1973 жылы 14 наурызда Алматы қаласында туған. Құқықтану ғылымдарының магистрі (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), саясаттану ғылымдарының магистрі (Вашингтон Дюк университеті Сэнфорд мемлекеттік саясат мектебі, АҚШ).

Ол 1995-2002 жылдары – бизнес саласындағы басшылық лауазымдар атқарды. 2002-2006 жылдары – мемлекеттік органдарда қызмет атқарған. 2006-2010 жылдары – ҚР Президентінің Іс Басқармасында ресми іс-шаралары және сыртқы байланыстар секторының меңгерушісі. 2011-2013 жылдары – ҚР Есеп комитетінің қаржылық бұзушылықтарды зерттеу орталығының директоры, 2013-2014 жылдары – ҚР Білім және ғылым министрлігінің жастар істері жөніндегі комитетінің төрағасы, 2014-2017 жылдары – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қоғамдық-саяси жұмыстар және тілдер саясаты комитетінің төрағасы, 2017-2018 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігі қоғамдық-саясат секторының меңгерушісі, 2018-2019 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігі аналитика орталығы меңгерушісінің бірінші орынбасары, 2019-2023 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болған.

Ал Түркістан облысы Жетісай ауданының әкімі болып Серік Үсенұлы Мамытовтағайындалды.

Серік Мамытов Шымкент қаласында дүниеге келген. 2013 жылы Лимкоквинг креативті технологиялар университетін «Халықаралық экономика» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2015 жылы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Кәсіпкерлікті дамыту орталығы бөлімінің маманы болып бастаған. Кейіннен «КазФинСтаф» ЖШС консультанты, «Астана ЭКСПО-2017» «ҰК» Акционерлік қоғамының жиынтық-талдау департаментінің менеджері, Ұйымдастыру-бақылау департаментінің менеджері, «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ фронт-офисінің талдаушысы қызметтерін атқарды.

«Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ департаментінің бас менеджері, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Акционерлік қоғамының Өнеркәсіптік жобалар тобы департаментінің директоры, басқарушы директоры, Алматы қаласы әкімдігінің «Qolday» кәсіпкерлікті қолдау орталығы» ЖШС бас директорының орынбасары, бас директордың бірінші орынбасары болып еңбек етті.

Сондай-ақ, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аймақтық директоры – қаржы институттарымен жұмыс жөніндегі үйлестірушісі, ҚР Сауда және интеграция министрінің көмекшісі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Сыртқы экономикалық ынтымақтастық және хаттама бөлімінің бас консультанты қызметтерін атқарды. 2022 жылдың мамыр айынан бастап Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппараты Өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы лауазымын атқарып келді.

Сонымен бірге, еліміздің шахмат федерациясына жаңа президент болып Тимур Турлов сайланды. Тимур Турлов – Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерінің ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде болған құрметті қонақтардың бірі.

Тимур Русланович Турлов 1987 жылы 13 қарашада Мәскеуде дүниеге келген. Кәсіпкер, қаржыгер және Freedom Holding Corp компаниясының негізін қалаушы. 2022 жылы маусым айында Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстан Республикасының азаматтығын алды.

Медиа саласында осы аптада Jibek Joly телеарнасының директоры болып Еркежан Күнтуған тағайындалды.

Еркежан Күнтуған Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Павлодардағы «Білім» газетінің редакторы, «Еуразия» бірінші арнасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының продюсері, «Atameken Business Channel» телеарнасының аға продюсері, бас продюсерінің орынбасары болып жұмыс істеді.

2020-2021 жылдары «Еуразия» бірінші арнасының бағдарламалық бөлімінде шеф-редактор, кейін осы телеарнаның креативті продюсері болды. Jibek Joly телеарнасының директоры лауазымына тағайындалғанға дейін «ҚР Президенті телерадиокешені» КеАҚ креативті директоры қызметін атқарды.

ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі – баспасөз хатшысы болып Талғат Қанатұлы Уәли тағайындалды.

Талғат Уәли 1988 жылы Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылында дүниеге келген. 2009 жылы «Қайнар» Семей университетін экономист мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2010 жылы Семей қалалық ТВК-6 телеарнасының журналисті болып бастаған. 2011 жылы «Qazaqstan» РТРК Семей филиалында жетекші редактор, 2012 жылы «ЭРА» телекомпаниясы» ЖШС (7 арна) жаңалықтар қызметінде журналист болды.

Ол 2015 жылы «Хабар» Агенттігі «АҚ жаңалықтар қызметінде журналист болып істеген. 2016 жылдан бастап «Atameken Business Channel» телеарнасының Жаңалықтар қызметінде президенттік пулдың арнайы корреспонденті, тележүргізушісі және журналисі болып еңбек етті. Бұған дейін ол ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі болды.


Соңғы жаңалықтар