Өткен аптада құқық қорғаушылар 1 мың 793 қылмысты анықтады ? апталық брифинг
АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Мамырдың 30-ы мен маусымның 5-і аралығында елімізде 1 мың 793 қылмыс тіркелді. Оның 34-і кісі өлтіру болса, 16-сы қарақшылық, 167-сі тонау әрекеттері болып отыр. Сондай-ақ 866 рет ұрлық жасалған.
Бұл туралы бүгін дәстүрлі апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның сөзіне қарағанда, осы мерзімде 1 мың 387 қылмыстың беті ашылған. Олардың 29-ы кісі өлтіру әрекетіне байланысты болып отыр. Сондай-ақ іздеуде жүрген 48 қылмыскер құрықталып, 9 атыс қаруы тәркіленген. «Осы мерзімде республикада 249 жол-көлік оқиғасы орын алып, оның салдарынан 52 адам мерт болды. Ал 307 адам түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды», - дейді департамент бастығы. Оның айтуынша, тәртіп сақшылары сондай-ақ есірткіге байланысты 196 қылмысты анықтаса, оның 56 фактісі - есірткіні саудалау.