Өткен аптада құқық қорғаушылар есірткіге байланысты 223 қылмысты анықтады ? апталық брифинг

АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Наурыздың 21-і мен 27-сі аралығында елімізде 1 мың 865 қылмыс тіркелді.

Өткен аптада құқық қорғаушылар есірткіге байланысты 223 қылмысты анықтады ? апталық брифинг
Оның 38-і кісі өлтіру болса, 16-сы қарақшылық, 157-сі тонау әрекеттері болып отыр. Сондай-ақ 827 рет ұрлық жасалған. Бұл туралы бүгін дәстүрлі апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Бағдат Қожахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, осы мерзімде 1 мың 850 қылмыстың беті ашылған. Олардың 33-і кісі өлтіру әрекетіне байланысты болып отыр. Сондай-ақ іздеуде жүрген 193 қылмыскер құрықталып, 5 атыс қаруы тәркіленген. «Осы мерзімде республикада 171 жол-көлік оқиғасы орын алып, оның салдарынан 34 адам мерт болды. Ал 206 адам түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды», - дейді департамент бастығы. Оның айтуынша, тәртіп сақшылары сондай-ақ есірткіге байланысты 223 қылмысты анықтаса, оның 74 фактісі - есірткіні саудалау. «Қазақстандағы есірткі ахуалы әлі де болса күрделі күйде қалып отыр. Ағымдағы жылдың қаңтар айындағы мәлімет бойынша елімізде нашақорлыққа салынған немесе оны ұдайы тұтынатын 59 669 адам есепте тұр», - дейді ол. Ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау бойынша полиция қызметкерлері 53 іс қозғап, ұйымдасқан топтың 2 серкесі мен 10 мүшесін құрықтады.