Өткен аптада тәртіп сақшылары 1 мың 738 қылмыстың 1 мың 319-ының ізін суытпай ашты

Бұл мәліметтерді бүгін апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның деректеріне қарағанда, апта ішінде тәртіп сақшылары сондай-ақ 10 атыс қаруын тәркілеп, 159 есірткімен байланысты қылмысты әшкерелеген. Оның 54 фактісі есірткіні саудалаумен байланысты болып отыр. «Тәркіленген есірткі 80 келіден асады. Оның 450 грамы героин, 1,5 келісі гашиш», деді департамент бастығы.
Ол келтірген мәліметтер бойынша, Қызылордалық полицейлер «Қызылорда-Амангелді» тас жолының бойында 34 жасар азаматты ұстап, оның көлігінен салмағы 38 келіні құрайтын үш қап марихуана тауып тәркілеген. Сондай-ақ тәртіп сақшылары елордада есірткі тасымалдаумен айналысып жүрген қылмыстық топтың көзін жойды. Топ мүшелерінің барлығы қамауға алынып, оларға қатысты 9 қылмыстық іс қозғалып отыр.