13:59, 02 Қараша 2009 | GMT +5
Өткен аптада тәртіп сақшылары ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 5 іс қозғап, 4 азаматты қылмыстық жауапқа тартты
АСТАНА. Қарашаның 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Өткен аптада еліміздің полицейлері ұйымдасқан қылмыспен күрес саласында 5 қылмыстық іс қозғап, ұйымдасқан топтың 4 мүшесін қылмыстық жауапқа тартты.

Бұл мәліметтерді бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, полицейлер заңсыз айналымнан 2 тапанша мен шолақ мылтық тәркілеген. Ал арнайы «Саранша» операциясының барысында ақтөбелік полицейлер Ресейде іздеуде жүрген «Лексус-460» маркілі көлігін елімізге контрабандалық жолмен әкелу әрекетінің жолын кесті. «Сондай-ақ Шымкент қаласында еліміздің 21 жасар тұрғыны ұсталды. Ол өткен жылдың қазан айында Алматыдағы қазақ көлік және коммуникация академиясының 2-ші курс студентін соққыға жығып, соның салдарынан студент ауруханада көз жұмған болатын», деді департамент бастығы.