Өткен айда азық-түлік тауарларының бағасы 2010 жылғы тамызбен салыстырғанда 12,8 пайызға өсті
АСТАНА. 1 қыркүйек. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2011 жылғы тамыз айында еліміздегі азық-түлік тауарларының бағасы 2010 жылғы тамызбен салыстырғанда 12,8 пайызға өсті.
Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Агенттіктің мәліметтеріне қарағанда, 2011 жылғы тамызда 2010 жылғы тиісті аймен салыстырғанда баға жармаға 2,2 есе, май және тоң майға - 22,8 пайыз, ұнға - 22,6 пайыз, қантқа - 19,2 пайыз өскен. Сонымен қатар, бағаның өсуі сүт өнімдеріне - 11,3 пайызды, жемістер мен көкөністерге - 10,8 пайызды, макарон өнімдеріне - 10,5 пайызды, кондитерлік өнімдерге - 8,3 пайызды, кофе, шай және какаоға - 7,8 пайызды, алкогольді ішімдіктерге - 5 пайызды, нанға - 4,9 пайызды құраған. «Есепті кезеңде ет және ет өнімдері бағасының өсімі 17,4 пайызды құрады. Бұл ретте қой етіне баға деңгейі 23,8 пайыз, жылқы етіне - 13,3 пайыз, шұжық өнімдеріне - 10,6 пайыз, құс етіне - 7,3 пайыз, шошқа етіне - 6,8 пайызға жоғарылады», - делінген баспасөз айғағында.