Өткен айда еліміздегі азық-түлік бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға өскен

АСТАНА. Қарашаның 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - 2009 жылдың қазан айында еліміздегі азық-түлік бағасы 2008 жылдың қазан айымен салыстырғанда 3,6 пайызға өсті.

Өткен айда еліміздегі азық-түлік бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға өскен

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Агенттіктің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, 2009 жылғы қазанда 2008 жылғы тиісті айымен салыстырғанда республика бойынша баға макарон өнімдеріне - 2,7 пайыз, сүт өнімдеріне - 3,9 пайыз, кондитерлік өнімдерге - 7,5 пайыз, тоқаш пен ұн өнімдеріне - 9,5 пайыз, алкогольді ішімдіктерге - 13 пайыз, кофе, шай және какаоға  23 пайызға өскен. Сонымен бірге, бағаның жармаға және нанға - 2,7 пайызға, жемістер мен көкөністерге  -3,4 пайыз,  ұнға - 12,1 пайыз, май және тоң майына  17,7 пайызға төмендеуі байқалды.

Сондай-ақ аталған кезеңдерде ет және ет өнімдері бағасының өсімі 5,6 пайызды құраған. Атап айтқанда, шошқа етіне баға деңгейі 12,7 пайызға, шұжық өнімдеріне - 8,1 пайызға, жылқы етіне - 4 пайызға, қой етіне  0,5 пайызға жоғарыласа, құс етінің бағасы 2,1 пайызға төмендеген.