Өткен айда Қазақстанда бір бөлмелі пәтерлер көп сатылған

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда желтоқсан айында бір бөлмелі пәтерлер ең көп сатылған. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өткен айда Қазақстанда бір бөлмелі пәтерлер көп сатылған

2022 жылғы желтоқсанда баспананы сатып алу-сату бойынша 33 587 мәміле жасалды, оның 7 554-і – жеке үйлер, 26 033-і көпқабатты үйдегі пәтерлер бойынша. 2022 жылдың қарашасымен салыстырғанда (33 797) тұрғын үй мәмілелерінің саны 0,6% азайған. Ең көп келісім Алматы (8 063 – 24,0%) және Астана (5 004 – 14,9%) қалаларында жасалған, ең азы – Ұлытау облысында (343 – 1%).

Қараша айымен салыстырғанда желтоқсан айында ең көп өсім Ақтөбе (20,8%) облысында және Алматы (14,0%), Шымкент (9,8%) қалаларында тіркелді. Бір айдағы ең үлкен төмендеу Солтүстік Қазақстан (-25,3%), Шығыс Қазақстан (-19,4%) облыстарында және Астана(-15,0%) қаласында болды.

Өткен жылдың желтоқсан айында қарашамен салыстырғанда көпқабатты үйдегі баспананы сату-сатып алу 236-ға артып, барлығы 26 033 мәмілені құрады. Бұл мәмілелердің жалпы санының – 77,5%. Бөлмелер саны бойынша – 1 бөлмелі пәтерлер ең көп сатылған, желтоқсан айында 10 384 келісім жасалды. Сауданың негізгі үлесі Алматы және Астана қалаларына тиесілі (61%). Екі бөлмелі пәтер бойынша 9 062 мәміле жасалды.

Өткен жылдың желтоқсан айында қарашамен салыстырғанда жеке тұрғын үйлерді сату-сатып алу келісімдерініңсаны 446-ға азайып, 7 554-ті құрады. Жер үйлер ең көп Маңғыстау облысында (+49 мәміле) сатылған. Қарағанды облысында (-110 мәміле) сатылып төмен болған.
2022 жылғы желтоқсанда 2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда баспананы сату-сатып алу шарттары 64,6% азайды.