Өткен айда Қазақстандағы инфляция 0,2 пайызды құрады - Статистика
ҚР Статистика агенттігінің хабарлауынша, өткен айда республика бойынша орта есеппен баға басты пиязға 6,2 пайыз, қызылшаға - 4,9 пайыз, картопқа - 4,7 пайыз, сәбізге - 3,4 пайыз, қырыққабатқа - 1,6 пайыз, ұнтақ, арпа жармаларға - 1,1 пайыздан, сұлы жармаға - 1 пайыз, минералды және ауыз суға - 0,7 пайыз, қой етіне, шайға - 0,3 пайыздан өсуі белгіленген. Бағаның төмендеуі қиярға 12,1 пайызды, қызанаққа 8,7 пайызды, жұмыртқаға 2,6 пайызды, шикі сүтке - 1,8 пайызды, қарақұмық жармаға - 0,7 пайызды, күнбағыс майына - 0,3 пайызды құраған.
Сонымен қатар, өткен айда құрылыс материалдарына, тұрмыстық аспаптарға бағаның 0,5 пайызға жоғарылауы тіркелді. Жуғыш және тазалағыш құралдар, киім және аяқ киім, фармацевтикалық өнімдер 0,2 пайызға қымбаттаған.
«Алыс қашықтыққа қатынайтын жолаушылардың темір жол көлік жолақысы 3,7 пайызға, мейрамханалар мен қонақ үйлердің қызметтері - 0,9 пайызға, денсаулық сақтау қызметтері - 0,7 пайызға, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарының қызметтері - 0,6 пайызға, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру қызметтері - 0,2 пайызға қымбаттады. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер қоқыс жинауға, тұрғын үйді күтіп ұстауға - 0,8 пайызға өсті», - делінген баспасөз баянында.