Өткен айда өнеркәсіп өнімдерін өндіруші кәсіпорындар бағасы 3,1 пайызға жоғарылады
Бұл туралы ҚазАқпарат Статистика агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Агенттіктің мәліметтеріне қарағанда, ағымдағы жылғы сәуірде алдыңғы аймен салыстырғанда баға кен өндіру өнеркәсібінде - 4,2 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде - 1,2 пайызға, электр энергиясын, газ бен су өндіру және бөлуде 0,4 пайызға жоғарылаған. Сонымен бірге, есепті кезеңде газ конденсатына - 7 пайызға, мұнайға - 4,8 пайызға, отындық мазутқа - 1,7 пайызға, табиғи газға - 0,7 пайызға, көмірге - 0,6 пайызға, дизель отынына - 0,4 пайызға, электр энергиясына 0,2 пайызға баға көрсеткіштері өссе, керосинге - 8,2 пайыз, бензинге 3,4 пайыз төмендегені тіркелген.
Бұдан бөлек, бір айда өңделмеген алюминий бағасы - 6,8 пайызға, қара металдар илегі - 6,5 пайызға, мыс - 4,6 пайызға, қымбат металдар 2,2 пайызға артқан, ал мырыш бағасы - 0,4 пайызға, ферроқорытпалар мен қорғасын 0,3 пайызға төмендеген.
Сол секілді өткен сәуір айында шай - 3,7 пайыз, мал еті - 1,8, өсімдік майы - 1,4, кондитер өнімдері - 0,9, макарон өнімдері - 0,8, балық - 0,6, сүт өнімдері - 0,4, қант 0,2 пайызға қымбаттаған. Ал, бидай ұны - 4,4, жармалар 0,7 пайызға арзандады.