Өткен айда өнеркәсіп өнімдерін өндіруші кәсіпорындардың бағасы 1 пайызға төмендеді

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Атап айтқанда, ағымдағы жылдың қазан айында өткен аймен салыстырғанда баға кен өндіру өнеркәсібінде 2,4 пайызға төмендеген. Ал, керісінше баға өңдеу өнеркәсібінде - 0,9 пайызға, электр энергиясын, газ бен су өндіру және бөлуде - 0,5 пайызға жоғарылаған. Сонымен қатар, қазан айында мұнайға бағаның - 3,4 пайызға, газ конденсатына - 1,9 пайызға, өңделмеген алюминийге - 0,3 пайызға төмендеуі байқалған. Ал сұйытылған пропан және бутанға қатысты баға - 7,3 пайызға, метал кендеріне - 6,8 пайызға, ферроқорытпаларға - 1,7 пайызға жоғарылауы тіркелді.
Бұдан басқа, азық-түлік өнімдерінен бидай ұны 4,6 пайызға, жармалар - 1,3 пайызға, өсімдік майы мен макарон өнімдері - 0,7 пайызға арзандады. Ал, күріш бағасы - 7,9 пайыз, қант - 3,9 пайыз, балық - 3,6 пайыз, спирт - 3,2 пайыз, кондитер өнімдері - 1,9 пайыз қымбаттаған.