Өткен айда жеке тұлғаларға берілген кредит көлемі 10 трлн теңгеден асқан

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкі кредит нарығының желтоқсан айындағаы жағдайына шолу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен айда жеке тұлғаларға берілген кредит көлемі 10 трлн теңгеден асқан

Ұлттық банктің ресми сайтындағы мәлімет бойынша, 2021 жылдың соңғы айында банктердің экономиканы кредиттеу көлемі 3,7% ұлғайып, 18 трлн 497,7 млрд теңге болған (жылдық мәнде өсім – 26,5%). Заңды тұлғаларға берілген кредит көлемі бір айда 7 трлн 758,8 млрд теңгеге дейін немесе 3,5%, ал жеке тұлғаларға берілген несие көлемі 10 трлн 738,8 млрд теңгеге дейін немесе 3,8% артқан.

«Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір айда 16 трлн 588,2 млрд теңгеге дейін немесе 3,8% ұлғайды. Оның ішінде заңды тұлғалардікі 3,8%, жеке тұлғалардікі 3,9% өсті. Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 трлн 909,5 млрд теңгеге дейін немесе 2,6% ұлғайды. Оның ішінде заңды тұлғалардікі 2,6% өссе, жеке тұлғалардікі 0,9% төмендеді. Желтоқсанның соңында теңгемен берілген кредиттердің үлес салмағы 89,7% (2020 жылғы желтоқсанда – 87,0%) болды», - деп жазылған ресми мәліметте.

Ұлттық банк сайтының жазуынша, ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 16 трлн 30,5 млрд теңгеге дейін немесе 3,9%, қысқа мерзімді кредиттер көлемі – 2 трлн 467,2 млрд теңгеге дейін немесе 2,7% ұлғайған.


Оның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне желтоқсан айында 3 трлн 772,2 млрд теңге кредит (жалпы корпоративтік сектор кредиттердің 48,6%-ы) берілген.

Ал банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттердің орташа сыйақы мөлшерлемесі 12,2% (2020 жылғы желтоқсанда – 11,4%), жеке тұлғаларға – 17,5% болған (14,9%).