Өткен демалыс күндері көлікті мас күйінде басқарған 35 жүргізуші ұсталды - Астана қаласының Жол полициясы
АСТАНА. Тамыздың 3-і. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері, шілденің 31-і мен тамыздың 1-і аралығында Астана қаласында көлікті мас күйінде басқарған 35 жүргізуші ұсталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қалалық Жол полициясы басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Өткен демалыс күндерінде елордада 35 жүргізуші ішімдік ішіп көлікті басқарғаны үшін ұсталды. Жылдамдықты шамадан тыс асырған 145 жүргізушіге әкімшілік хаттамалар толтырылды. Ал 42 жүргізушіге техникалық жағдайы сай емес көлікті басқарғаны үшін, 29 жүргізушіге рөлде отырып ұялы телефонмен сөйлескені үшін айыппұл салынды», делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар аталған күндері қарсы беттегі жол бөлігіне шыққан 18 жүргізушіге, көлік жүргізуге қажетті құжаттарынсыз көлік басқарған 11 адамға әкімшілік хаттамалар толтырылған. 31 көлік айып тұрағына қойылды.
Жалпы, өткен аптада Астанада 10 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 10 адам түрлі жарақаттар алды.