Өткен демалыс күндері республика жолдарында 4 адам құрбан болып, 3-уі зардап шекті - ТЖМ
АСТАНА. Ақпанның 1-і. ҚазАқпарат - Өткен сенбі және жексенбі күндері республикада жол-көлік апаттарында 4 адам қаза болып, 3 адам зардап шекті,
деп хабарлады бүгін, қаңтардың 1-і күні ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметі.
Ведомстводан хабарлағандай, жол апаттарының бірі сенбі, қаңтардың 30-ы күні Петропавл қаласындағы Бейбітшілік көшесінің бойында орын алды. «Ауди» автокөлігін мінген 48 жастағы азамат 74-тегі кейуананы қағып кетіп, ол алған жарақаттардан ауруханада көз жұмды.
Жаяу жүргіншіге қатысты тағы бір жазатайым оқиға, жексенбі күні Ақтөбе қаласындағы «Самара-Шымкент» автожолының 772-ші шақырымында болды. «ВАЗ» көлігінің астына түскен 58 жастағы әйел сол орында жантәсілім етті.
Осы күні Алматы облысының Балқаш ауданы «Қапшағай-Қараой» тас жолының 87-ші шақырымында екі «Тойота» көліктерінің соқтысығуы болып, оның салдарынан бір жолаушы оқиға орнында қаза тапты.
Ал Семей қаласындағы Қаражыр разъезінде «УАЗ» көліктерінің соқтығысуынан көліктердің бірінің 46 жастағы жолаушысы құрбан болып, екі жүргізуші мен тағы бір жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.