Өткен екі жылда 1200-дей талапкер әскери оқу орнына түсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен екі жылда түрлі аймақтардың орта және арнаулы оқу орындарынан 1 144 талапкер еліміздегі түрлі әскери оқу орындарына түсті, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда Қазақстанның үш әскери оқу орны жаңа курсанттарды қабылдауға дайындық үстінде. Бұлар - Құрлық әскерлерінің әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, екі мәрте Кеңес одағының батыры Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты.
Еліміздің жоғарғы әскери оқу орнының біріне түсуге ниет білдірушілер ҰБТ және КТ-дан тиісті деңгейде балл жинауы тиіс. Қолданыстағы ережеге сәйкес, қажетті құжаттармен бірге, жоғарғы әскери оқу орнының атын және мамандығын көрсетіп, өтінішін жергілікті әскери басқару органдарына (әскери комиссариатқа) жіберуі тиіс. Тізім құрылған соң жоғарғы әскери оқу орнының бастығы қабылданған кандидатпен білім беру қызметін көрсету туралы және әскери қызмет өткеру туралы келісімшартты бекітеді, сондай-ақ оны жоғарғы әскери оқу орны есепке алғаны туралы бұйрық шығарады.