Өткен қазан айында Қазақстан Республикасында 19 495 жеңіл автокөлік тіркелді
АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - 2011 жылғы қазанда республикада 19 495 жеңіл автомобиль тіркелді.
ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұл - өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 67,3 пайызға төмен. 2011 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша, қолда бар көліктердің саны 3 млн. 475 мыңды құрады.
Өңірлер бойынша алғанда, өткен қазан айында темір тұлпарлар ең көп тіркелген облыстардың алғашқы бестігіне Астана қаласы (3 226), Алматы қаласы (2 442), Оңтүстік Қазақстан (2 039), Шығыс Қазақстан (1 759) және Алматы облыстары (1 683) кіріп отыр.
Сондай-ақ статистика, ескі көлікке құмартушылардың саны азайғанын көрсетуде. Мәселен, 2010 жылдың қазанында тіркелген шығу мерзімі 10 жылдан асқан машиналардың саны 41 мың болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 12 265-ті құрады. Қолданыста 3 жылдан артық болған машиналарды сатып алу 7 889-дан 2 799-ға азайды.