Өткен мамыр айында қайта сатылымға түскен тұрмысқа жайлы көпқабатты үйлердің бағасы арзандай түсті ? Статистика агенттігі
АСТАНА. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ -2009 жылдың мамыр айында еліміздің тұрғын үй нарығында бағаның құбылуы байқалды.
Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.Агенттік мәліметтеріне қарағанда, 2009 жылдың мамыр айында өткен айлармен салыстырғанда тұрмысқа жайлы жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 0,2 пайызға көтерілсе, оны қайта сату құны 0,8 пайызға арзандаған. Одан төменгі санаттағы үйлердің бағасы 0,2 пайызға төмендей түсті. Ал тұрмысқа жайлы үйлерді жалдау бағасы өткен аймен салыстырғанда өзгеріссіз қалды. Оның әр шаршы метрі 816 теңгені құрап отыр.
Жалпы алғанда, өткен мамыр айындағы жаңа тұрғын үйлердің бағасы шаршы метріне орта есеппен алғанда 142 мың 318 теңгені құраса, бұл көрсеткіш өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 3,5 пайызға, ал 2008 жылдың мамыр айына қарағанда 9,4 пайызға төмен болып табылады. Сондай-ақ, өткен айда тұрмысқа жайлы үйлерді қайта сату бағасы шаршы метріне 106 мың 144 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2008 жылдың желтоқсан айына қарағанда 1,7 пайызға, ал 2008 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1 пайызға төмен болып отыр. Жайластырылмаған үйлерді қайта сату құны өткен айда 0,2 пайызға арзандап, әр шаршы метрі үшін 62 мың 127 теңгені құрады.