Өткен оқу жылында 24 мектеп жабылды - Бақытжан Жұмағұлов

АСТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат/Руслан Ғаббасов/ - Өткен оқу жылында 24 мектеп жабылды. Бұл туралы бүгін селекторлық режимдегі Үкімет отырысында еліміздің Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

Өткен оқу жылында 24 мектеп жабылды - Бақытжан Жұмағұлов

Еліміздегі мектеп желісі үнемі реттеліп отыратынына тоқталған министр, тасымалдау мүмкіндігі болған жағдайда аз континенті бар бастауыш сыныптар жабылатынын айтып өтті."Өткен оқу жылында 24 мектеп жабылды. Жалпы ол мектептерде 313 оқушы оқыды», - деді министр.

Б.Жұмағұловтың сөзіне қарағанда, аталған мектептердің алтауы Ақмола облысында (58 бала оқыды), жетеуі Шығыс Қазақстан облысында (9 бала оқыды), екеуі Батыс Қазақстан облысында (55 бала оқыды), бірі Солтүстік Қазақстан облысында, сондай-ақ төрт мектеп Оңтүстік Қазақстан облысында (140 бала оқыды) болған. Осы орайда министр бұл балалардың барлығы мектеп жанындағы интернаттарға орналастырылғанын немесе оларды жақын маңдағы оқу орындарына тасымалдау шаралары ұйымдастырылғаын жеткізді.

Мұнымен қоса ведомство басшысы биыл 9 жаңа мектеп ашылғанын айтып өтті.

Бұл мектептер Ақмола, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының және Астана қаласының еншісінде.