Өткен сайлау Қазақстанның құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде дамуда екендігін көрсетті - Ғани Қасымов
АЛМАТЫ. 4 сәуір. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауының сайлауалды кампаниясы және сайлау әділ әрі демократиялық негізде өтті. Бұл туралы бүгін Алматыда журналистермен кездескен президенттіктен үміткер болған сенатор Ғани Қасымов айтты.
Ол өз сөзінде ОСК-ның алдын-ала мәліметтері бойынша, өзінің 1,9 пайыз дауыс жинағандығы Патриоттар партиясының 200 мың қолдаушысы барлығын көрсеткенін атап өтті. «Бұл сандар ҚР Әділет министрлігінде партия мүшесі ретінде тіркелген азаматтардың санынан көп. Бұл алдағы парламенттік сайлауға қатысуға өте қажетті негіз»,- деді Ғ.Қасымов.
Сенатор өткен сайлаудың Қазақстанның құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде құрылу үстінде екендігін тағы бір дәлелдегенін атап көрсетті. «Мен өз басым қазақстандықтардың әртүрлі саяси партияларды қолдап, сөз еркіндігін, дауыс еркіндігін пайдаланғандығын көрдім. Сайлауалды кампания барысында әр үміткер өз бағдарламасын таныстырып, кез-келген жерде еркін пікір айтып, еркін сөйлеуге мүмкіндік алды. Маған болмаса сайлауалды штабыма ешқандай саяси қысым болған жоқ. Барлық үміткерлерге БАҚ-тар кедергісіз қолжетімді болды,- деді Ғ.Қасымов.