Өткен тәулік ішінде қар құрсауынан 203 адам құтқарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше кешкі сағат 19.30-да «Сабынды-Кендібидайық» тас жолының 6 шақырымында қар құрсауында 6 жеңіл автокөлік қалып қойған, олардың ішінде барлығы 20 адам болған. Қорғалжын ауданының және ҚР ТЖМ қызметкерлерінің көмегімен жолаушылар аман-есен қардан тазартылған жолға шығарылып, Сабынды ауылына дейін жеткізілді, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметінен.

Өткен тәулік ішінде қар құрсауынан 203 адам құтқарылды

Сондай-ақ сол күні сағат 20.50-де «Атбасар-Тимашевка» тас жолының 18 шақырымында 9 жеңіл және 2 жүк көлігі (16 адам, оның ішінде 5 бала) жолда қалып қойған. Облыстың ТЖД өрт сөндіру қызметінің қызметкерлерінен 3 адам мен 1 техника жұмылдырылып, көліктер қардан тазартылған жолға шығарылды. Зардап шеккендер жоқ.

Ал 11 наурыз күні сағат 00.49-да «Атбасар-Шу» тас жолының 9 шақырымында қар құрсауында 1 автокөлік қалып қойса, сағат 01.18-дер шамасында «Астана-Ерейментау» тас жолының 31 шақырымында ішінде 3 ересек адам және 5 бала бар 4 автокөлік қарға бөгеліп қалған. Облыстың ТЖД өрт сөндіру қызметінің қызметкерлерімен жолда қалған барлық жолаушыларға көмек көрсетілді. Сондай-ақ «Екатеринбург-Алматы» тас жолының 904 шақырымында сағат 02.45-те қар құрсауында қалып қойған ішінде 3 адамы болған 1 жеңіл автокөлік қардан тазартылған жолға шығарылып, Жақсы ауылына дейін жеткізілген. Сағат 03.30-да «Астана-Щучинск» тас жолының 190 шақырымында Жаңажол ауылына 4 шақырым қалғанда қар басқан жолда қалып қойған 1 жеңіл көлік те облыстың ТЖД өрт сөндіру қызметінің қызметкерлерінің көмегімен қар құрсауынан шығарылды. Ал еліміздің оңтүстік өңіріндегі «Талдықорған-Қапал» тас жолының 20 шақырымында кеше сағат 13.00-де 52 техника, оның ішінде 150 адам жолда қалып қойған. Алматы облыстық ТЖД қызметкерлерінің күшімен көліктер қар құрсауынан шығарылды. Зардап шеккендер жоқ. Өткен тәулік ішінде қар құрсауынан барлығы 203 адам (оның ішінде 20 бала) мен 76 техника шығарылды.