Өткен тәулікте ел аймақтарында өрт салдарынан үш адам көз жұмды, екеуі зардап шекті - ҚР ТЖМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте ел аймақтарында өрт салдарынан үш адам қаза болды, екеуі зардап шекті, деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Астана қаласында жеке үйде 50 литрлік газ баллонынынң редукторын қондыру кезінде газ-ауа қосындысы жарылып, 38 жастағы ер адам күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
Ақсу қаласындағы 5 қабатты үйдің 3-ші қабатында болған өрт салдарынан да 80 жастағы кейуана зардап шегіп, ауруханаға жатқызылды.
Атырау қаласында жеке үйде өрт шықты. Жалынды сөндіруге ҚР ТЖМ Атырау облысы ТЖД өрт сөндіру қызметінің 11 адамы мен 3 бірлік техникасы жұмылдырылды. Өрт 12 шаршы метр аумақты қамтыды. Өрт орнынан 47 жастағы ер адамның мәйіті табылды.
Павлодар облысының Успен ауданындағы Успен ауылында жеке үйден шыққан өртті сөндіруге ҚР ТЖМ Павлодар облысы ТЖД өрт сөндіру қызметінің 4 адамы мен 2 бірлік техникасы жұмылдырылды. Өрт аумағы 100 шаршы аумақты қамтыды. Өрт орнынан 81 жастағы кейуананың мәйіті табылды.
Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданындағы Тихоновка кентінде тұрғын үйден өрт шықты. Жалынды ауыздықтауға ҚР ТЖМ Батыс Қазақстан облысы ТЖД өрт сөндіру қызметінің 5 адамы мен 2 бірлік техникасы тартылды. Өрт аумағы 70 шаршы метрді шарпыды. Өрт орнынан 45 жастағы ер адамның мәйіті табылды.