Өткен тәулікте ел өңірлерінде өрт кезінде екі адам қаза болып, біреуі зардап шекті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте ел өңірлерінде өрт кезінде бір әйел мен бала қазаға ұшырады, тағы бір бала зардап шекті, деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.

Өткен тәулікте ел өңірлерінде  өрт кезінде екі адам қаза болып, біреуі зардап шекті

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында жеке тұрғын үйде өрт шықты. Жалынды өшіруге ҚР ТЖМ Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖД өрт сөндіру қызметінің 11 адамы мен 2 бірлік техникасы жұмылдырылды. Өрт 50 шаршыметр аумақты шарпыды. Оқиға орнынан 50 жастағы әйелдің мәйіті табылды.

Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданындағы Аққайнар ауылында жеке тұрғын үйде өрт болды. Жалынды сөндіруге ҚР ТЖМ Шығыс Қазақстан облысы ТЖД өрт сөндіру қызметі жеке құрамының 6 адамы мен 1 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт аумағы 60 шаршыметрді шарпыды. Оқиға орнынан 7 жасар баланың мәйіті табылды. Тағы бір 4 жасар бала күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілді.