Өткен тәулікте еліміздің су айдындарында 5 адам құтқарылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте құтқарушылардың жедел іс-қимылдарының арқасында Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында 5 адам, оның ішінде 2 жасөспірім құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәселен, кеше кешке Ақмола облысы Көкшетау қаласының құтқарушылары Қопа көлін патрульдеу кезінде 1993 жылы туған ер адамды құтқарып, жағаға жеткізді, ол мас күйінде жағадан 600-700 метрге жүзіп, өз күшімен жағаға жете алмаған.
Осыған ұқсас жағдай Өскемен қаласында тіркелді, онда өңірдің құтқарушылары Ертіс өзенін патрульдеу кезінде 1974 жылы туған ер адамды құтқарып, жағаға жеткізді. Ер адам мас күйінде өзеннің ортасында шомылып, жағаға өз күшімен жете алмаған.
Сонымен қатар, Деркөл кентінде Шаған өзенін патрульдеу барысында Батыс Қазақстан облысының құтқарушылары 2006 жылы туған екі жасөспірімді құтқарды. Жасөспірімдер шомылуға рұқсат етілмеген орында шомылып, жағаға жете алмаған.
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының құтқарушылары Каспий теңізінің жағалауын патрульдеу кезінде 2002 жылы туған жігітті құтқарып, жағаға жеткізді.
Жыл басынан бері шомылуға рұқсат етілмеген орындарда шомылғаны үшін 2 702 адамға 23 810 728 теңге сомасына айыппұл салынғанын атап өткен жөн.
ТЖМ азаматтарға судағы қарапайым қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын сақтауға кеңес береді.
Қиын жағдайға тап болмас үшін, судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет.