Өткен тәулікте Қарағанды облысында қар құрсауынан 68 адам құтқарылып, 114 адам эвакуацияланды

Қарағанды, Теміртау және облыстың бес ауданында өткен құтқару жұмыстарына ТЖ департаментінің қызметкерлері, жергілікті полиция қызметі, атқарушы органдар мен жол қызметтері қатысты.
23 наурыз күні кешке Қарағандыдағы «Орталықтрансзавод» ЖШС аумағынан жедел жәрдем көлігін күтіп тұрмастан ТЖД күшімен шұғыл түрде ауруханаға жатқызуды қажет ететін ер адам тасымалданды.
Бұқар жырау ауданында да 23 наурыз күні кешке құтқарушылар Қарақұдық ауылындағы үйден шығып, жаяу Доскейге бет алған 1985 жылы туған ер адамды іздеді. Ол межелі жерге дер кезінде жетпеген. 24 наурыз күні сағат 00:10-да іздеу тобы Қарақұдық ауылынан 10 шақырым жерде жоғалып кеткен адамды тапты. Оған медициналық көмек қажет болмады.
Сондай-ақ, Бұқар жырау ауданындағы «Сәт-Көмір» АҚ аумағынан ТЖД қызметкерлері 24 наурызда таңғы сағат төрт шамасында шұғыл ауруханаға жатқызуды қажет еткен ер адамды Ботақара ауруханасына жеткізді.
Қарағанды облысының аумағында дауылды ескерту жалғасуда. Өңірдің басым бөлігінде бұрқасын басылар емес. ТЖД ауа райының нашарлауы кезінде елді мекендерден тыс жерлерге жол жүруден бас тартуды, ауа райының өзгеруіне сәйкес киінуді және өзімен байланыс құралдарын алып жүруді ұсынады.
Барлық оқиғалар мен ТЖ туралы 112 немесе (8-7212) 43-36-36, 43-37-37 телефондары бойынша хабарласуға болады.