Өткен тәулікте Қарағанды жолдарында 48 жол-көлік оқиғасы болды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында күн райының күрт нашарлауына байланысты өткен тәулікте 50-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Көлік апатынан 12 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен тәулікте Қарағанды жолдарында 48 жол-көлік оқиғасы болды

Өткен тәулікте Қарағанды облысының басым бөлігінде ауа райы күрт нашарлады. Өңірдің орталығы мен солтүстігінде қатты боран мен көктайғақ болды. Осыған байланысты жолдарда 50-ден астам апат болды.

«Өткен тәулікте облыс орталығында 48 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның нәтижесінде 12 адам жеңіл дәрежеде жарақат алды. Қала сыртындағы жолдарда 6 жол-көлік оқиғасы болды. Бақытымызға орай, ол апаттардан ешкім зардап шеккен жоқ», - деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің бөлім бастығы Қуаныш Зәрубаев.

Жол полициясы қызметкерлері жүргізушілерді жолдарда қашықтық пен жылдамдық режимін сақтауға шақырады. Сондай-ақ, полиция жаяу жүргіншілер өткелінің жанында жылдамдықты бәсеңдетуді және көлік дөңгелектеріне қысқы шина тағу қажеттелігі туралы еске салады.