Өткен тәулікте Қазақстанда 6 адам өрттен зардап шекті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысында жеке сектордағы тұрғын үй отқа оранып, егде жастағы жұп жапа шекті, деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Төтенше жағдай Еңбекшіқазақ ауданы Есік ауылында түс кезінде орын алды. Қызыл жалын 106 шаршы метр аумақты шарпыды. Үйдегі зейнеткерлер күйіктермен ауруханаға түсті.
Петропавлда көп қабатты үйлердің бірінде электр сымдары күйіп, от 7 шаршы метр аумаққа жайылған. 4 адам құтқарылып, 20 тұрғын қауіпсіз жерге шығарылды. 57 жастағы азамат газдан уланып ауруханаға жеткізілді.
Солтүстік Қазақстан облысы Кривощеково ауылындағы баспанада өрт шығып, 63 жастағы азамат газдан уланды. Қызыл жалын 54 шаршы метрді шарпыды.
Семейде 3 қабатты ғимарат отқа оранды. Нысан Қорғаныс істері жөніндегі басқарма мен «Техцентр» ЖШС орналасқан мекеме еді. Тілсіз жау бірінші қабаттағы қойма ретінде пайдаланып жүрген электр тұстама орналасқан жерде пайда болған. От 20 шаршы метр аумаққа жайылып, 8 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Жапа шеккендер жоқ.
Астанада пеш ақаулығынан жеке сектордағы тұрғын үйдегі 2 адам жапа шекті. Газдан уланған ол екеуі ауруханаға жеткізілді.